ЖӘНІБЕК АҒЫБАЕВ: САЛЫНҒАН ӘРБІР НЫСАН – ҰРПАҚҚА ҚАЛАР ҚҰНДЫ МҰРА
Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев аудан аумағындағы әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылыс барысымен танысты. Аудан басшысы алдымен «Жайлы мектеп» жобасы аясында аудан орталығында бой көтеріп жатқан 600 орындық мектеп құрылыс алаңында болып, мердігер мекеменің жұмысын тексерді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан бұл жоба білім алушылар үшін заманауи технологиялармен жабдықталған, қолайлы білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған. Құрылыс барысын қадағалаған аудан әкімі мердігерге жұмыс күшін арттырып, белгіленген мерзімді қатаң сақтау қажеттігін ескертті.
— Әрбір салынып жатқан нысан – болашаққа жасалған инвестиция. Құрылыстың сапасы мен мерзімі – басты назарда болуы тиіс. Бұл – келешек ұрпақ үшін жасалып жатқан игілікті іс, – деді аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев.
Жайлы мектеп жобасы аясында Келес ауданында үш мектептің құрылысы жүргізілуде. Аталған нысандар Ақтөбе және Біртілек ауылдық округтерінде салынуда. Барлық мектептердің жаңа оқу жылы қарсаңында пайдалануға берілуі жоспарланған.
Сапар барысында аудан әкімі Абай ауылындағы спорт кешенінің, сондай-ақ мұражай мен Жас буынды дамыту орталығының құрылысымен де танысты. Жұмыстың сапасын арттыру, белгіленген кестеге сай жүргізу және құрылыс барысына тұрақты бақылау жасау қажеттігі мердігерлерге тапсырылды.
Айта кетейік, өткен жылы Ақтөбе ауылдық округінің Ынтымақ және Жаңадәуір ауылдарында, Бірлесу ауылдық округінің 28-гвардия ауылында, Бірлік ауылдық округінің Бірлік ауылында және Ошақты ауылдық округінің Береке ауылында бірқабатты дәрігерлік амбулаториялар салынып, пайдалануға берілген болатын.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-keles/press/news/details/1010753?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау