Департаментпен бекітілген «ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың «Жұмысшы мамандықтарының жылын жариялау туралы» Жарлығын іске асыру мақсатында Түркістан облысы аумағындағы кәсіпорындарда (соның ішінде жазатайым жағдайлар орын алған) еңбек заңнамаларының талаптарының сақталуы бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізуге арналған жұмыс жоспарына» сәйкес ұйымдастырылып оытрған кездесу ағымдағы жылдың 23 мамырында «Сауран аудандық емханасы» МКК ұжымымен жалғасты.
“Сауран аудандық емханасы” МКК-нің бас дәрігері Б.Е.Стамкуловтың және емхана қызметкерлерінің қатысуымен өткен кездесуде “Сауран аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі” ММ-нің басшысы Д.С.Асылбек еңбек ұжымына Департамент өкілдерін таныстыра отырып, ұйымдастырылып отырған кездесу мақсатын түсіндіріп өтті.
Департаменттің мемлекеттік еңбек инспекторлары Төлендиев Мұрат Сағынұлы және Сапарқұлов Ғалымжан Сейдуәліұлы емхана ұжымына Еңбек кодексі бойынша негізгі қойылатын талаптар және жұмыс берушілер тарапынан жиі орын алатын заң бұзушылықтарға қысқаша тоқтала отырып, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелерінің басым бағыттарын тарқатып өтті.
Өңірдегі кәсіпорындардағы жыл сайын орын алатын өндірістегі жазатайым оқиғаның және жұмысқа байланысты кәсіби аурулардың салдарынан көз жұмған жұмыскерлердің пайыздық көрсеткіштеріне талдау жасалды.
Сондай-ақ, мемлекеттік еңбек инспекторлары міндетті әлеуметтік сақтандыру мәселесін де қозғап өтті. Ол бойынша әлеуметтік төлемдерді жүзеге асыруда белсенді жұмыстар жүргізілуі үшін өңірлердегі кәсіпорындарда түсіндіру жұмыстарын жүргізуді, міндетті әлеуметтік сақтандыру саласындағы ақпараттық жүйенің құрылуына және жүзеге асырылуына байланысты еңбек қатынастарына қатысты қабылданып жатқан іс-шаралар туралы атап өтті.
Кездесу соңын мемлекеттік еңбек инспекторлары еңбек ұжымы тарапынан қойылған бірқатар сұрақтарға ҚР Еңбек кодексінде көзделген заңнамалық талаптарға сәйкес жауап берумен нүктеледі.
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау