Атырау облысы полиция департаментінде «Киберқылмыстарды, криптовалюта алаяқтығын және цифрлық іздерді зерттеу мен ашудың жаңа әдістері» тақырыбында Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе және Батыс-Қазақстан полиция департаментінің қатысуымен өңіраралық семинар-кеңес өтті.
Семинардың ашылуында ҚР Ішкі істер министрлігінің Тергеу департаменті бастығының орынбасары Самат Аисов сөз сөйлеп, киберқылмыстармен күрестегі өзекті мәселелер мен заманауи тәсілдердің маңыздылығына тоқталды.
Шараға ІІМ Тергеу және Киберқылмыстарға қарсы іс-қимыл департаменттерінің өкілдері қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Семинар барысында интернет-алаяқтық фактілерін ашу мен тергеу бойынша ішкі істер органдарының қызметі, тергеп-тексеру кезінде туындайтын негізгі мәселелер, сондай-ақ бұл істердің сотта қаралуы кеңінен талқыланды. Сонымен қатар, несиелік алаяқтықтың алдын алу шаралары мен интернет арқылы жасалатын түрлі қылмыстардың жолын кесу мәселелері қозғалды.
Шара барысында Ішкі істер министрлігінің Тергеу департаменті бастығының орынбасары Самат Аисов Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің полиция қызметіне қажетті заң пәндері бойынша жоғары теориялық білім мен практикалық дағдыларды меңгерген 10 түлегіне ішкі істер органдарында қызмет етуге ІІМ орынбасары, полиция генерал-майоры С. Адиловтың атынан ресми шақырту табыстады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-atyrau/press/news/details/1005531?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау