Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында брифинг ұйымдастырылды.
Тақырыбы: «Суға шомылу маусымына дайындық жұмыстары және қауіпсіздік шаралары туралы».
Спикер: Қызылорда облысы ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының міндетін атқрушы Тұрғанбай Нұржігіт Бердібекұлы.
Н.Тұрғанбай: «Жыл басталғалы облыстың аумағындағы су айдындарында 4 адам қаза болды. Оның 2-і бала. Суда адамдардың қаза болуының негізгі себебі қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзуы болып табылады.
– Өзен немесе каналдардың кез-келген, әрі зерттелмеген (ағысы жылдам, терең, жағалары тік жар) жерлеріне суға түсуі;
– спирттік ішімдік ішіп суға түсуі;
– балалардың ересектердің бақылаусыз су жағасына баруы мен суға түсуі және олардың жүзе білмегендігі қайғылы оқиғаларға әкеліп соқтыруда.
Бұларға қоса, суға түсуге қауіпті аймақтарда азаматтардың рұқсат етілмеген жүзу құралдарын қолдануы бақытсыз жағдайлардың санының көбеюіне ықпалын тигізіп отыр.
Сонымен қатар, ұжымдар мен оқу орындарының жастары жазда табиғат аясында демалыс ұйымдастыруда, кей кезде соңы бақытсыз жағдайларға ұласуда.
«Су объектілері мен су шаруашылығы құрылыстарында жаппай демалуға, туризмге және спортқа арналған жерлерді белгілеу туралы» Қызылорда облысы әкімінің қаулысына сәйкес 7 коммуналдық жағажай белгіленді (Арал ауданы «Аққұмшық», Қазалы ауданында «Қашқан су», Қармақшы ауданында «Мұратбаев», Сырдария ауданында «Қалғандария», Шиелі ауданы «Бәйгеқұм», Қызылорда қаласы «Сыр толқыны» және «Сыр Самалы»).
Облыс аумағында суға шомылуға тыйым салынған 63 қауіпті аймақтың тізімі тіркелді және осы учаскелерге 149 ескерту тақтайшасы мен билбордтар орнатылды.
Облыс аумағында жазғы демалыс (каникул) уақытында 8 жазғы балалар лагері жұмыс жасайтын болады. Оның 7–еуі мемлекеттік, 1–еуі жеке лагерь (7 аудандарда және қаладағы лагерлер +1 жеке «Зерентай» лагері).
Облыс тұрғындары мен қонақтарының жаз мезгілінде су айдындарындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ТЖ Департаменті бастығының «2025 жылғы жазғы суға шомылу маусымы кезеңіндегі қауіпсіздік шараларын ұйымдастыру туралы» бұйрығы негізінде күнделікті тәулік бойы жауапты сала мамандарын тарта отырып (Полиция департаменті, жергілікті атқарушы орган қызметкерлері және еріктілер) рейдтік жұмыстар ұйымдастырылуда.
Облыс аумағындағы су айдындарында жыл басынан 301 рейд жүргізіліп, 2452 тұрғынға судағы қауіпсіздік ережелері түсіндірілді және үнпарақтар таратылды. Сондай-ақ аталмыш профилактикалық жұмыстарға 225 еріктілер (волонтёр) жұмылдырылды.
ТЖД департаментінің қызметкерлері ҚР ӘҚБтК-нің 412-бабы бойынша (Су айдындарында қауіпсіздік қағидаларын бұзу немесе орындамау) 9 адамға (ата-аналарға) хаттама толтырып, айыппұл салды.
Балық шаруашылығы инспекциясы заңсыз балық аулау бойынша 81 деректі тіркеп, айыппұл салды.
Онлайн режимде облыстың 31 548 оқушысына жалпы «Судағы қауіпсіздік ережелері» тақырыбы бойынша интерактивтік сабақтар өткізілді.
Ата-аналардың назарына жеткізу мақсатында «WhatsApp» желісіндегі чаттарда балалардың судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауын бақылау-қадағалаулары қажеттігі жөнінде бейнероликтер мен жадынамалар жариялануда.»
Соңында тілшілердің тақырыпқа қатысты сұрақтарына жауап берілді.
Қызылорда облысы ТЖД
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer-kyzylorda/press/news/details/1006406?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау