Жарқайың ауданында халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша жобаларды іске асыру жалғасуда

Жарияланды:

Автор:

категорияда

 

Жарқайың ауданында «Сапалы су – жаңа бастамалар» мемлекеттік бағдарламасы және «AMANAT» партиясының 2023–2025 жылдарға арналған Жол картасы аясында халықтың өмір сүру жағдайын жақсартуға бағытталған ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда.

Державинск қаласында 2021–2024 жылдарға арналған Жарқайың ауданының «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар тасымалы, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы» мемлекеттік мекемесі әзірлеген «Су жабдықтау жүйесін реконструкциялау» жобасының үшінші кезеңі іске асырылуда.

Жобаның мақсаты қаланың барлық тұрғындарын таза ауыз сумен тұрақты қамтамасыз ету. Су құбырының ұзындығы 19,4 км. Сағатына 200 м³ өнімділігі бар су тазарту станциясы орнатылған, сондай-ақ әрқайсысының сыйымдылығы 1000 м³ екі таза су қоймасы бар.

Қазіргі уақытта іске қосу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде, айнала аумақ абаттандырылуда. Жобаға шамамен 12 маман тартылған.

«Бүгінгі таңда нысан толық қаржыландырылған, жұмыстар жоспарға сәйкес жүргізілуде. Нысанды пайдалануға беру 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығына жоспарланған. Бұл жоба Державинск қаласының тұрғындарының өмір сапасын арттыруда үлкен маңызға ие», – деді Жарқайың ауданының «Құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі» ММ басшысы Сергей Гарикович Макрдумян.

Қазіргі заманғы жабдықтарды орнату және іске қосу жұмыстары халықаралық серіктес израильдік «Water Engineering» компаниясымен бірлесе атқарылуда.

«Біз тазарту жабдығын іске қосып, жергілікті мамандарды станцияны басқаруға үйретіп жатырмыз. Жоба аяқталған соң олар жүйені өздігінен қызмет көрсетіп, оның үздіксіз әрі ұзақ мерзімді жұмысын қамтамасыз етеді», – деді «Water Engineering» компаниясының өкілі Эльдар Владиславович Агаев.

Сонымен қатар, «Шойындыкөл ауылының жер асты көздерінен су жабдықтау жүйесін реконструкциялау» жобасы жүзеге асырылуда.

Бүгінгі таңда барлық қажетті құрылыс материалдары жеткізілді. Маусым айында су мұнарасы орнатылып, станцияны іске қосу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізу жоспарлануда. Электр желісін салу және бірінші, екінші көтеру насос станцияларының аумақтарын қоршау жұмыстары белсенді жүргізілуде. Жобаға 16 маман тартылған.

2025 жылы жобаны аяқтауға қажетті қаржы толық көлемде бөлінді. Ауылда қосалқы су құбырлары салынбайды тұрғындар суды орнатылған мұнарадан тікелей алатын болады. Нысанды пайдалануға беру 2025 жылғы 1 қыркүйекке жоспарланған.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/1005711?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version