Ақтөбедегі Шығармашылық академиясында 5 маусым – Қоршаған ортаны қорғаудың дүниежүзілік күніне орай «Таза болса табиғат – аман болар адамзат» атты салтанатты іс-шара ұйымдастырылды.
Мерекелік жиынның басты мақсаты – қоғам назарын экологиялық мәселелерге аудару, табиғатқа жанашырлықпен қарау мәдениетін қалыптастыру және жас ұрпақтың экологиялық санасын арттыру.
Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов сөз сөйлеп, қатысушыларды кәсіби мерекелерімен құттықтап, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Таза Қазақстан» жобасына үлес қосып жүрген экологтарға алғысын білдірді, табиғатқа жанашырлықпен қараудың маңызын сөз етті.
«Қоршаған ортаны қорғау – бұл болашақ ұрпаққа деген жауапкершілік. Экология – тек табиғат емес, ол – адамның денсаулығы, өмір сапасы мен ұлттың болашағы. Бүгінде елімізде, соның ішінде Ақтөбе өңірінде де осы салада нақты әрі жүйелі жұмыстар атқарылуда. «Таза Қазақстан» жобасы – осындай ізгі істердің жарқын көрінісі. Осы жолда бірлесе еңбек етейік», – деді ол.
Шара аясында экология саласына елеулі үлес қосқан үздік мамандар облыс әкімінің алғыс хатына ие болды, сондай-ақ, балалар үйлері тәрбиеленушілерінің сурет байқауының жеңімпаздары марапатталды.
«Бүгінде экологиялық күн тәртібі ерекше өзекті болып отыр – біз күн сайын қоршаған ортаның ластануы, ауаның сапасының төмендеуі, су айдындарының жағдайы мен жер деградациясының салдарымен бетпе-бет келеміз. Бұл мәселелер халықтың денсаулығына және ел болашағына тікелей әсер етеді. Сондықтан экология мәселелері жедел әрі жүйелі көзқарасты талап етеді.
Осы тұрғыда Мемлекет басшысы бастамашы болған «Таза Қазақстан» ұлттық бағдарламасының маңызы арта түсуде. Бағдарламаның басты мақсаты – тек аумақтарды абаттандыру мен тазарту ғана емес, сонымен қатар экологиялық сананың жаңа мәдениетін қалыптастыру, әрбір азаматты табиғатты сақтау, жасыл аймақтарды қалпына келтіру және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану процесіне тарту. Бұл – мемлекет, бизнес және қоғам күш-жігерін біріктіретін кешенді әрі маңызды бастама» – деп атап өтті Ақтөбе облысы бойынша Экология департаментінің басшысы Ербол Қуанов.
Марапатталған экологтар мен қонақтар мұндай іс-шаралардың сала мамандары үшін кәсіби ынтымақтастықты нығайтумен қатар, жастарға үлгі болатынын алға тартты. Олар қоршаған ортаны қорғау жолындағы қажырлы еңбектің мойындалуы – бұл саладағы қызметтің құндылығын арттыратынына сенім білдірді.
#ТазаҚазақстан #устойчивоеразвитие #чистаястрана #экология #TazaChallenge @TazaQazaqstan
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1012933?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау