Түркістан облысындағы «Балауса» жазғы лагерінде 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Қазақстан балалары» атты мерекелік іс-шарасы өтті. Табиғаты әсем, балаларға барлық жағдай жасалған демалыс аймағында 10 бағыт бойынша іс-шаралар, сайыстар ұйымдастырылды. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров балалармен жүздесіп, сайыстарын, көрмелерін, өнертабыстарын тамашалап, бірге асық ойнады. Балаларды төл мерекелерімен құттықтады.
Сонымен бірге өңір басшысы 10 ерекше баланы арнайы марапаттады. Одан бөлек мерекеге қатысушы 150 балаға облыс әкімінің сыйлықтары табысталды.
Балалардың мерекесінде экоойындар, алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша оқыту сабақтары, шахмат, тоғызқұмалақ сайыстары, асық ату, садақ ату ойындары ұйымдастырылып, «Қолөнершілер» ауласы таныстырылды. Киіз үй тігіліп, балалар саз мектебінің фольклорлық ансамблі күй күмбірлетсе, балабақша шәкірттері Абайдың өлеңін жатқа оқып, тәнті етті.
Мереке концерттік бағдарламаға ұласып, әуелеген әндер шырқалып, би топтары, цирк шеберлері өнер көрсетті.
Балалардың қуанышына ортақтасқан Нұралхан Көшеров жауаптылармен бірге «Балауса» лагерін түгел аралап, жаңа маусымға дайындығын көрді. Жаңадан берілген модульді жатақханаларын көріп, спорт алаңында оқушыларға футбол доптарын табыстады. Келушілер «Түркістан – балалар көзімен» мольберттер ауласын тамашалап, балалардың өнеріне тәнті болды.
Айта кетейік, «Балауса» лагері 150 орындық болған, 7 ауысымда 1050 баланы қабылдап келген. Осы жылы 200 орындық модуль салу арқылы «Балауса» лагеріндегі орын саны 350-ге жетіп, 7 ауысымда 2450 бала қабылдауға мүмкіндік алып отыр. Осы бастама арқылы Түркістан қаласының 1450, Сауран ауданының 1000 баласын жазғы сауықтырумен қамтиды деп жоспарлануда.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kalasy/press/news/details/1012935?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау