Жетісу облысында ондаған азаматты алдап соққан ірі алаяқтық дерегі бойынша жүргізілген тергеу аяқталып, прокуратураның үйлестіруімен іс сотқа жолданды. Аталған қылмыстық іс бойынша күдіктілердің бірі — Қарағанды облысы, Абай қаласының 19 жастағы тұрғыны. Тергеу деректеріне сәйкес, ол ұйымдасқан қылмыстық топтың белсенді мүшесі болған.
Алаяқтық әрекеттер бірнеше деңгейден тұрған. Ұйымдастырушы арнайы жабдықталған кеңсе жалдап, онда компьютерлер, байланыс құралдары және ондаған SIM-картамен жабдықталған заңсыз «call-орталық» құрған. Онда жұмыс істеген адамдар өздерін банк, мобильді операторлар мен мемлекеттік органдардың қызметкерлері ретінде таныстырып, азаматтарға қоңырау шалып, смартфондарына зиянды қосымшаларды орнатуға көндірген.
Сол қосымшалар арқылы алаяқтар жәбірленушілердің смартфондарына қашықтан кіріп, олардың атына онлайн несие рәсімдеп, ақшаны өздеріне тиесілі шоттарға аударып отырған.
Қылмыстық схемада «қолма-қол ақшаға айналдыру» тобы маңызды рөл атқарған. Олар Telegram мессенджері арқылы дропперлердің (ақша түсетін шот иелерінің) деректерін сатып алып, олардың банк қосымшаларына қол жеткізген. Тергеу материалдарына сәйкес, күдікті жас жігіт дәл осы топтың құрамында болған.
Мысалы, 2023 жылы алаяқтар жәбірленушілердің бірінің телефонына қол жеткізіп, оның атына 20 миллион теңгеден астам сомаға несие рәсімдеп, ақшаны бақылаудағы шоттар арқылы шешіп алған.
2023 жылдың наурыз айынан 2024 жылдың маусымына дейін күдікті ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында болып, көмекші рөлін атқарған. Оған алдын ала сөз байласу арқылы, ақпараттық жүйелерді пайдаланып, аса ірі көлемде жасалған алаяқтық дерегі бойынша айып тағылып отыр. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі — 67 миллион теңге.
Қазіргі таңда бұл іс сотқа жолданды. Алаяқтық схеманың өзге де қатысушыларына қатысты тергеу жалғасуда.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-zhetysu/press/news/details/1012981?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау