Батырларды ұлықтаған байқау
Батыс Қазақстан облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерекесіне орай білім беру ұйымдарының арасында «Мектебім – мақтанышым!» облыстық байқауы өтті.
Байқаудың мақсаты – алтын ұя мектебінің тарихын білетін, өз өлкесін ерекше сүйетін, оның салтын қастерлейтін, Отан патриоттарын тәрбиелеу. Сондай-ақ Кеңес Одағы батырлары мен ҰОС ардагерлерінің есімдерін ұлықтау, ерлігін дәріптеу.
Ережеге сәйкес байқауға Кеңес Одағының батырлары мен ҰОС ардагерлерінің есімі берілген жалпы орта білім беретін мектеп ұжымдары қатысты.
Қатысушылар тарихи тұлғаның өмірдеректері, мектептегі өткізілген тәрбиелік іс-шаралары, тарихи тұлғаға арналған мектеп музейі (болған жағдайда), қабырға материалдары, арнаулы кабинеттері, оқушылардың зерттеу жобалары, тағы да басқа қажетті материалдарды қамтып, бейнеролик ұсынды. Сондай-ақ таныстырылымда қатысушы мектептің қоғамдық өмірдегі қызметі, алдына қойған мақсат-міндеттері, миссиясы, ұлттық, патриоттық тәрбиенің маңызы сынды мәселелердің мәні ашылып, қамтылуы тиіс болды.
Нәтижесінде, Мәншүк Мәметова атындағы №27 мектеп-лицейі (Орал қаласы) жүлделі I орынға лайықты деп танылса, Бауыржан Момышұлы атындағы №46 ЖОББ мектебі жүлделі II орынға ие болды. Сондай-ақ Ахмедияр Құсайынов атындағы ЖОББ мектебі (Бөкей ордасы ауданы), Есен Орақбаев атындағы ЖОББ мектебі (Жаңақала ауданы, Темір Масин атындағы ЖОББ мектебі (Бөкей ордасы ауданы) жүлделі III орынды еншіледі.
Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері арнайы дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-madeniet/press/news/details/1014390?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау