2025 жылғы 11 маусым күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай «Көмек Жаңаөзен» қоғамдық қорының өкілдерін қабылдап, өңірдегі әлеуметтік бастамалар мен қайырымдылық жобаларын дамыту мәселелерін талқылады.
Кездесуде қор жетекшілері ұйымның негізгі бағыттары мен алдағы жоспарларын таныстырды. 2020 жылдан бастап жұмыс істей бастаған «Көмек Жаңаөзен» қоры ресми түрде 2023 жылы тіркелген. Қордың басты мақсаты – әлеуметтік жағынан осал отбасыларға көмек көрсету, соның ішінде тұрғын үймен қамтамасыз ету. Бүгінге дейін аталған қордың қолдауымен 59 отбасы баспаналы болған.
Қоғамдық ұйым тек тұрғын үй мәселесімен шектелмей, әлеуметтік, мәдени және тәрбиелік бағыттағы жобаларды да жүзеге асырып келеді. Мәселен, жыл сайын Құрбан айт мерекесі қарсаңында балаларға арналған қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, ел арасында ізгілік құндылықтарын насихаттауда. «Көмек кофе» атты әлеуметтік кофехана, әлеуметтік дүкен жобалары сәтті жүзеге асқан.
Қор құрамында бүгінде 25 адам бар, олардың 22-сі – ерікті негізде жұмыс істейді. Ұйым өкілдерінің айтуынша, алдағы уақытта Ақтау қаласынан кеңсе ашу, тәжірибе алмасуға арналған алаң құру және «Көмек Жаңаөзен» бренді негізінде жаңа бастамаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Одан бөлек, балалар балабақшасы мен түрлі спорттық және интеллектуалдық жобаларды іске асыру да жоспарланған.
Өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбай қоғамдық қордың бастамаларына оң баға беріп, азаматтық қоғаммен әріптестік негізінде бірлескен жобаларды қолдауға дайын екенін жеткізді. Әкім мемлекеттік және қоғамдық сектор арасындағы сенімді әріптестік халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға жол ашатынын атап өтті.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/1015490?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау