#ЗАҢМЕНТӘРТІП
#СУАЙДЫНДАРЫНДАҒЫҚАІПСІЗДіК
Қостанай жағажайларындағы рейд: алкоголь, қоқыс және қайғылы жағдайлардың алдын алу
Қостанайда ауа температурасы +29°C-қа дейін көтеріліп, қала тұрғындары жаппай жағажайларға ағылды.
Осыған байланысты Қостанай облыстық Полиция департаментінің бастамасымен су жағасындағы демалыс орындарында бірлескен рейд ұйымдастырылды. Оған полиция қызметкерлері, ТЖД мамандары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Қостанай облысы ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының офицері Ғалымжан Мұстафиннің айтуынша, ресми шомылу маусымы 1 маусымнан 31 тамызға дейін жалғасады. Қалада үш ресми шомылуға рұқсат етілген орын бар: қалалық жағажай, сондай-ақ Амангелді тұрғын ауданындағы «Мохито» және «Мишутка» демалыс аймақтары.
Рейд барысында патрульдеу жұмыстары құрлықта да, суда да жүргізілді — қатысушылар үш қайықпен өзен жағасын тексеріп шықты. Дауыстық құрылғылар арқылы демалушыларға қауіпсіздік ережелері ескертілді. Рұқсат етілмеген жерде жүзуге болмайтыны, қоғамдық орындарда алкоголь ішуге тыйым салынатыны, балаларға мұқият қарау және қоқыс тастамау қажеттігі айтылды.
Алайда рейд кезінде жағалауда сыра ішіп отырған екі ер адам анықталды.
Рейд қатысушылары оларды тексеріп, екі бөтелке сыра мен тіскебасардың барын тіркеді. Ер адамдар жеңіл мас күйінде болған және сөздеріне қарағанда, кейін суға түсуді жоспарлаған. Статистикаға сәйкес, суға бату оқиғаларының көбі мас күйде орын алатыны белгілі.
Екеуі де қоғамдық орында ішімдік ішкені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, әрқайсысына 5 АЕК (19 660 теңге) көлемінде айыппұл салынды.
Кейін полиция қызметкерлері ағаштың түбінде отырған тағы бір ер адамға назар аударды. Оның жанында сыра банкісі мен ашылған арақ бөтелкесі болды. Ер адам әрең тұрған. Оны қоғамдық орыннан шығарып, медициналық айықтырғышқа жеткізді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-altynsarin-ilias-omarov/press/news/details/1015139?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау