2025 жылдың 10-11 маусым күндері Тараз қаласындағы «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде азаматтық қоғам өкілдеріне арналған Жамбыл облысының «Мықты қоғам – Қуатты Қазақстан» XII Өңірлік Азаматтық форумы өтті.
Форумның мақсаты – Қазақстанның стратегиялық мақсаттарына қол жеткізу үшін азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасының 2-кезеңін іске асыру, мемлекет, азаматтық сектор және бизнес арасындағы әріптестікті нығайту бойынша ұсынымдар әзірлеу үшін қолданыстағы платформаны дамыту.
Форумның алғашқы күні «Инклюзивтілік және теңдік: осал топтардың қоғамдық процестерге қатысуы», «Tomorrow-х мамандықтары: ҮЕҰ-ны еңбек нарығының жаңа сын-қатерлеріне дайындау», «Цифрлық азаматтық белсенділік және оның тұрақты дамуы: ҮЕҰ тиімділігін арттыру үшін big Data және жасанды интеллект құралдарын пайдалану» тақырыптарында секциялық отырыстары ұйымдастырылды.
Бүгін Азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасының 2-кезеңін іске асыру бойынша ұсынымдар әзірлеуге арналған конференция, Жамбыл облысының «Мықты қоғам – Қуатты Қазақстан» XII Өңірлік Азаматтық форумының пленарлық отырысы өтті.
Отырыста облыс әкімінің орынбасары С. Сәлемов, Қазақстанның Азаматтық Альянсының Президенті Б. Нұрғазиева, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Л. Шыңғысбаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Азаматтық қоғам істері комитетінің төрайымы Г. Сұлтанова баяндама жасап, өзекті мәселелерге тоқталды.
Форум барысында облыстың әлеуметтік-экомикалық дамуына үлес қосқан азаматтық қоғам өкілдері облыс әкімінің және қазақстанның Азаматтық Альянсының Құрмет және Алғыс хаттарымен марапатталды.
Сондай-ақ, облыста әлеуметтік мәселелерді шешуге белсене атсалысып жүрген үздік әлеуметтік жобалар аясында бірқатар үкіметтік емес ұйымдарының өкілдеріне сертификаттар табысталды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-sayasat/press/news/details/1015613?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау