Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев «Конституциялық өзгерістер. Заң және тәртіп» тақырыбындағы халықаралық дөңгелек үстел жұмысына қатысты.
Іс-шараға Президент Әкімшілігінің, Парламенттің, Конституциялық Соттың, Жоғарғы Соттың, Бас прокуратураның, Әділет министрлігінің, басқа да мемлекеттік органдардың, жетекші жоғары оқу орындары мен құқық қорғау ұйымдарының өкілдері қатысты.
Дөңгелек үстел барысында конституциялық реформалардың жүзеге асырылу барысы, заң үстемдігі қағидатын нығайту және тұрақты құқықтық жүйе қалыптастыру мәселелері талқыланды.
Сөз сөйлеу барысында Уәкіл құқық қорғау институтына конституциялық мәртебе берудің, оның өкілеттіктерін кеңейтудің және өңірлік өкілдіктер институтының енгізілуінің маңыздылығын атап өтті:
«2022 жылғы конституциялық реформалар мемлекеттік құрылымның іргесін нығайтып қана қоймай, елді одан әрі демократияландыру мен құқықтық прогресті қамтамасыз етуге берік негіз қалады. Бұл өзгерістер шеңберінде құқық қорғау институтын дамытуға айрықша мән берілді»,– деді А. Ластаев.
Реформалар нәтижесінде негізгі қызмет бағыттары бойынша айтарлықтай өзгерістер орын алды: азаматтардың өтініштері мен жеке қабылдаулар саны артты, жабық мекемелерге мониторинг ауқымы кеңейді, заң шығару процесіне сараптамалық қатысу деңгейі артты.
Дөңгелек үстел құқықтық жүйені жетілдіру, құқық қолдану тәжірибесін дамыту, сондай-ақ адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету мәселелері бойынша пікір алмасуға және ортақ тәсілдер әзірлеуге арналған маңызды диалог алаңына айналды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ombudsman/press/news/details/1016146?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау