Бас Прокурордың тапсырмасы бойынша «Заң мен Тәртіп» қағидатын іске асыру аясында облыс прокуроры Айдос Майлыбаевтың төрағалығымен құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы қабылданып жатқан шаралардың тиімділігі мен ведомствоаралық өзара іс-қимыл мәселелері жөнінде Үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.
Жиынға облыс әкімі, арнайы, құқық қорғау және уәкілетті органдардың басшылары, облыстық мәслихат депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен діни бірлестіктердің өкілдері, қоғам қайраткерлері, ақсақалдар, педагогтар және өңір спортшылары қатысты.
Күн тәртібінде қылмыстылық жағдайы, оның ішінде есірткі қылмыстары, интернет-алаяқтық, қаржы пирамидалары, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалған қылмыстар туралы мәселелері қаралды.
Прокуратураның үйлестіруімен құқық қорғау органдары жүзеге асырып жатқан кешенді алдын алу шаралары талқыланды.
Ағымдағы жылғы 5 айда бір мыңнан астам алдын алу іс-шаралары өткізілді, олардың ішінде есірткі жарнамаларын жою, есірткі заттарын қолдану және таратуды насихаттайтын веб-сайттарды бұғаттау, рейдтер, құқықтық тәртіп мәселелері бойынша халықпен кездесулер, арнайы бейнероликтер түсіру және т.б.
Нәтижесінде өңірдегі жалпы қылмыстылық деңгейі 11%-ға төмендеді.
Құқық бұзушылықтардың алдын алу аясында облыс прокуроры құқықтық мәдениетті насихаттау және құқықтық ағартушылықты дамыту мақсатында, оның ішінде әлеуметтік желілер мен цифрлық ресурстарды пайдалана отырып, барлық мемлекеттік органдардың қоғаммен және үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимылының маңыздылығына тоқталды.
Қоғамдық көшбасшылар мен спортшылардың жас ұрпақ үшін үлгі боларлық еңбектері ерекше атап өтілді.
Құқық бұзушылықтарға жол бермеуде оң нәтижелерге қол жеткізген үлгілі ауылдар мен үздік мектеп айқындалды.
Атап айтқанда, есепті кезеңде облыстың үш ауылында бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Екі ауыл алкоголь өнімдерін сатудан толық бас тартқан. Ал Мұнайлы ауданы №1 мектебінің оқушылары заңды құрметтеуде үлгілі тәртібімен ерекшеленді.
Осыған байланысты, облыс прокуроры Айдос Майлыбаев «Қауіпсіз ауыл» және «Үлгілі мектеп» атты екі бағыт бойынша профилактикалық акцияның басталғанын, оның нәтижелері жыл сайын қорытындыланатынын жариялады.
Сонымен қатар құқықтық тәртіпті нығайтуға қосқан үлесі үшін белсенді азаматтар облыс прокурорының алғыс хаттарымен және «Заң мен Тәртіп» арнайы төсбелгілерімен марапатталды.
#Заң_мен_Тәртіп
Маңғыстау облысының прокуратурасы
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/prokuratura-mangistau/press/news/details/1012360?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау