Куала-Лумпур, 2025 жылғы 11 маусым – Қазақстанның Малайзиядағы Елшісі Болат Сүгірбаев Малайзияның жетекші екі компаниясы – «Mega Fortris Group» және «Pet World International» өндірістік нысандарына аралап көрді. Бұл сапар Қазақстанның сауда-экономикалық ынтымақтастығын нығайту және елдің инвестициялық әлеуетін сыртқы нарықтарға ілгерілету мақсатында ұйымдастырылды.
Кездесулер барысында Елші Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы мен оның басты бәсекелестік артықшылықтарын таныстырды. Атап айтқанда, еліміздің Шығыс пен Батыстың тоғысындағы тиімді географиялық орналасуы, Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) нарықтарына қолжетімділігі, макроэкономикалық тұрақтылығы және шетелдік инвесторларға арналған мемлекеттік қолдау шаралары атап өтілді.
«Mega Fortris Group» компаниясының Атқарушы директоры (CEO) Эдриан Нг компанияның халықаралық нарықтарда өз қатысуын кеңейтуге мүдделі екенін білдірді. Оның айтуынша, Қазақстан мен Орталық Азия өңірі компания үшін перспективалы бағыт ретінде қарастырылуда. Сонымен қатар ол «Mega Fortris Group» компаниясының бүкіл әлем бойынша логистикалық қауіпсіздік құралдары мен пломбалар өндірісінде көш бастап тұрғанын атап өтті.
Өз кезегінде, Елші Б.Сүгірбаев Қазақстан тарапы өндірісті жергіліктендіру мүмкіндігін қарастыруға дайын екенін жеткізді. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарын ашуға, сондай-ақ заманауи технологиялардың трансферін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Кездесу нәтижесінде тараптар «Mega Fortris Group» компания делегациясының 2025 жылы Қазақстанға сапарын ұйымдастыру жөнінде уағдаласты.
Сол күні Елші «Pet World International» компаниясының өндірістік алаңына барды. Компания үй жануарларына арналған азық-түлік өнімдерін өндіру бойынша Малайзияда жетекші орын алады. Компанияның Бас директоры Чой Пэн Ю Елшіні жылына 70 мың тоннаға дейін дайын өнім шығаруға қауқарлы жаңа зауыттың жұмысымен таныстырды.
Келіссөздер барысында Чой Пэн Ю Қазақстандық компаниялармен іскерлік байланыс орнатуға қызығушылық білдіріп, аймақтық ынтымақтастықты дамытуға дайын екенін жеткізді. Өз кезегінде Елші Б.Сүгірбаев Қазақстанның конструктивті серіктестікке ашық екенін атап өтіп, еліміздің инфрақұрылымдық және көлік-логистикалық әлеуеті Орталық Азия мен көршілес нарықтарға өнім жеткізуге кең мүмкіндік беретінін айтты.
Қазақстан Елшісінің «Mega Fortris Group» және «Pet World International» компанияларына сапары шетелдік инвестицияларды тарту, өндірістік кооперацияны дамыту және қазақстандық-малайзиялық іскерлік өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған сыртқы экономикалық стратегияны іске асыру аясындағы қадам болды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-kuala-lumpur/press/news/details/1016141?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау