Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында Көкшетауда маңызды әрі тарихи шара өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Көкшетау қаласында маңызды әрі тарихи шара өтті — Мемлекеттік рәміздер күніне арналған салтанатты шараға Қазақстан Тәуелсіздігінің шежіресіне аты алтын әріппен жазылған тұлға қатысты. Мемлекеттік елтаңбаның авторы Жандарбек Мәлібеков мерекелік жиынның құрметті қонағы ретінде келіп, салтанатқа ерекше мән-мазмұн қосты.

«Бүгін көк байрағымыздың асқақ желбірегенін көру — зор қуаныш. Ол әрдайым еліміздің үстінде қалықтап, өсуіміздің, рухымыздың, абыройымыздың белгісіне айналсын. Жастар Мемлекеттік елтаңбаның маңызын терең түсінуі қажет — онда халқымыздың бірлігі, еліміздің тұтастығы мен Ұлы даланың даналығы бейнеленген. Бабалар армандаған азаттық — тарих алдындағы ортақ парызымыз. Ал бүгінгі жетістіктер — жас ұрпақтың арқасы», — деді елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков.

Оның бұл шараға қатысуы — ұлы еңбегіне көрсетілген құрмет қана емес, сонымен қатар Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бүгінгі күнге дейінгі ұрпақтар сабақтастығын бейнелейтін рухани көпірге айналды. Жаңа буын отансүйгіштік пен мемлекеттік рәміздерге деген құрметті асқақ сезіммен қабылдап, сол эстафетаны жалғастыруда.

«Сізді бүгін еліміздің жүрегі саналатын, Көк байрағымыз биікте желбіреген Ақмола өңірінде қарсы алу — біз үшін үлкен мәртебе. Мемлекеттік рәміздер мерекесіне қатысуыңыз — бұл ерекше маңызға ие оқиға», — деп қарсы алды Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов.

Салтанатты рәсім «Ту тұғыры» монументі жанындағы алаңда өтті. Шараға 500-ден астам адам — ардагерлер, қоғам белсенділері, жас спортшылар, студенттер мен өнер өкілдері жиналды. Мемлекеттік Ту салтанатты түрде көкке көтеріліп, Үкілі Ыбырай атындағы облыстық филармониясының Камералық хоры, Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжі мен Біржан сал атындағы музыкалық колледжінің студенттерінен біріктірілген хоры Әнұранымызды орындады.

Өңір басшысы құттықтау сөз сөйлеп, рәміздердің ұлттық сана мен жас ұрпақты тәрбиелеудегі маңызын атап өтті.

«Мемлекеттік рәміздердің мән-маңызын жерлестеріміздің халықаралық деңгейде жеткен жетістіктері айқындай түседі. 2025 жылы Ақмола облысының спортшылары Қысқы Азия ойындарында 11 медаль иеленіп, Хан Яна мен Арина Крюкова шорт-трек пен биатлон бойынша беделді жарыстардың жүлдегерлері атанды», — деді Марат Ахметжанов.

Шара аясында спорт, білім, шығармашылық және қоғамдық салада еңбек еткен азаматтарға облыс әкімінің Алғыс хаттары табысталды. Марапаттау рәсімін халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары “Он алты қыз” халықтық би ансамблінің қатысушылары өткізді.

Патриоттық акцияда Қазақстанға танымал, жақында ғана Германияның Франкфурт және Штутгарт қалаларында қазақ халқының мәдениетін таныстырып, ұлттық аспаптарымен өнер кештерін өткізген «Орда» этно тобының орындауындағы патриоттық рухты оятатын музыкалық нөмірін тарту етті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-madeniet/press/news/details/1012453?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version