Сыбайлас жемқорлықсыз болашақ жастардан басталады: ШҚО-да республикалық эссе байқауының қорытындысы шығарылды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Жастар арасында «Заң мен тәртіп» әңгімесін ілгерілету шеңберінде, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жөніндегі республикалық жоспар-кестені орындау мақсатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша Департаменті 2025 жылғы 25 сәуір мен 25 мамыр аралығында еліміздің колледждері мен жоғары оқу орындарының студенттері арасында «Сыбайлас жемқорлықсыз болашақ менен басталады» атты республикалық эссе байқауын өткізді.

Байқаудың басты мақсаты – жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұрақты көзқарас қалыптастыру, азаматтық жауапкершілікті дамыту және адал, әділ қоғам құрудағы жеке тұлғаның рөлін түсіну.

Байқау аясында қатысушыларға күнделікті өмірде сыбайлас жемқорлыққа қалай қарсы тұра аламын? Сыбайлас жемқорлықты жоюға қандай үлес қоса аламын? Қазақстанның болашағы үшін адалдық неге маңызды? деген сияқты маңызды мәселелерді креативті түрде ашу ұсынылды.

 Байқау кең ауқымды өтті – еліміздің түкпір-түкпірінен 1012 студенттен эссе келіп түсті. Жұмыстар талдаудың тереңдігімен, идеялардың өзіндік ерекшелігімен және жастардың сыбайлас жемқорлықтан азат қоғам құруға деген шынайы ұмтылысымен ерекшеленді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша Департаменті конкурстың әрбір қатысушысына белсенді азаматтық ұстанымы және әділдік пен адалдық мәселелеріне бей-жай қарамағаны үшін алғыс білдіреді.

Барлық жұмыстарды қарау қорытындысы бойынша конкурстық комиссия жеңімпаздарды анықтады:

Бірінші орын – Ниязбай Даулет, БҚО білім басқармасының «Теректі колледжі» МКҚК студенті

Екінші орын – Маратұлы Арман, Алматы облысының «Бақанас аграрлы-индустриалдық колледжі» МКҚК студенті

Үшінші орын – Курячая Арина, Ақмола облысы білім басқармасының Көкшетау қаласының «Құрылыс-технология колледжі» МКҚК студенті.

 Барлық жеңімпаздар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша Департаментінің басшылығының грамоталарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталады.

Мұндай конкурстарды өткізу – сыбайлас жемқорлыққа тек сөзбен ғана емес, нақты өмірлік жағдайларда да қарсы тұруға дайын саналы және жауапты ұрпақты тәрбиелеу ісіндегі маңызды қадам. Қазақстанның болашағы шын мәнінде әрқайсымыздың адалдығымыздан басталады.

#Заң_мен_тәртіп

#ЗАҢменТӘРТІП

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/anticorruption-vko/press/news/details/1012430?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version