Кентау қаласы әкімінің тапсырмасына сәйкес, қаладағы білім беру ұйымдарында балалардың сапалы және қауіпсіз тамақтануын қамтамасыз ету мақсатында оқу-семинар ұйымдастырылды. Іс-шараға мектепке дейінгі ұйым меңгерушілері, жалпы білім беретін мектеп директорлары мен медицина қызметкерлері қатысты. Семинарға қала әкімінің орынбасары Ақнұр Байболова төрағалық етсе, қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Нұрбақыт Рабат та қатысып, өз ойларын ортаға салды.
Семинар барысында басқарманың бас маманы Айжан Қалымбетова «Балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын сақтау мен нығайтудың ең өзекті мәселелерінің бірі – оларды физиологиялық және гигиеналық талаптарға сай, сапалы әрі дұрыс тамақпен қамтамасыз ету» тақырыбында баяндама жасап, ауқымды түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Маман оқушылардың тамақтануын ұйымдастыруда негізге алынатын нормативтік-құқықтық актілерге тоқталып өтті. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушысы бекіткен 2023 жылғы 4 сәуірдегі санитариялық қағидалар мен 2022 жылғы №ҚР ДСМ-16 бұйрығына енгізілген өзгерістер негізінде білім алушылардың жас ерекшелігі мен болу ұзақтығын ескере отырып, перспективалық екі апталық мәзір жасалатынын түсіндірді.
Сонымен қатар, мәзір әзірлеуде тамақ өнімдерінің витаминді-минералды құрамы мен энергетикалық теңгеріміне ерекше мән беру қажеттігі айтылды. Бірыңғай стандарттарға сәйкес, қуыру, ащы дәмдеуіштер қосу секілді денсаулыққа зиянды аспаздық әдістер мүлде қолданылмайды. Жасыл көкөністердің дұрыс термиялық өңделмеуі, суды жеткіліксіз тұтыну сияқты факторлардың балалардың шаршауына, ас қорыту жүйесінің бұзылуына және оқу үлгерімінің төмендеуіне әкеп соғатыны да атап өтілді.
Семинар соңында қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға заң аясында нақты жауаптар беріліп, тәжірибе алмасу жүргізілді. Мұндай іс-шаралар балалардың дұрыс тамақтануын қамтамасыз ету арқылы олардың денсаулығын нығайтуға бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kentau-kalasy/press/news/details/1017133?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау