Белгіленген кестеге сәйкес, Целиноград ауданының әкімі Дарын Сабырғалиұлы азаматтар жеке қабылдауын өткізді. Қабылдау барысында Төңкеріс, Қабанбай батыр, Қараменді батыр, Қоянды, Нұрлы және Ақмол ауылдарының тұрғындары тарапынан тіршіліктің әртүрлі салаларына қатысты мәселелер қаралды.
Төңкеріс ауылының шеткі бөлігінде тұратын тұрғындар жолдарды жөндеу, жаяу жүргіншілер жолын салу, көше шамдары бар бағандар орнату және ауызсу желілерін тарту мәселелерін көтерді. Аталған өтініштерді қарау нәтижесінде аудан әкімі тиісті орынбасарына жауапты бөлімдермен бірлесе отырып, жағдайды көзбен көру және оны жан-жақты зерделеу үшін оқиға орнына шығуды, сондай-ақ бұл жұмыстарды алдағы жоспарларға енгізу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
Келесі кезекте Қараменді батыр ауылының тұрғындары электрмен қамту мәселесі бойынша жүгінді. Аудан әкімі электр желілеріне қосылу тек тұрғын үйлерді заңды түрде пайдалануға бергеннен кейін ғана жүзеге асатынын түсіндірді. Сонымен қатар, ол техникалық-экономикалық негіздемеге сәйкес КТП және қажетті бағандарды орнату мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
Сондай-ақ, қабылдау барысында жер мәселелеріне қатысты төрт өтініш айтылды. Олардың қатарында жер телімдерінің шекараларын нақтылау, жалдау мерзімін ұзарту және құрылысты заңсыз пайдалануға беру жағдайлары бар. Әрбір өтініш бойынша тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, заң аясында кеңестер берілді.
Көтерілген барлық мәселелер бойынша білікті түсіндіру мен кеңес берілді. Бірқатар өтініштер аудан әкімдігінің құзырлы бөлімдерінің бақылауына алынды.
Естеріңізге саламыз, аудан әкімінің азаматтарды жеке қабылдауы алдын ала жазылу арқылы өткізіледі. Қабылдауға жазылу үшін мына телефонға хабарласуға болады: 8 (71651) 30-509.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-selinograd/press/news/details/1011748?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау