Халықты қауіпсіз қан компоненттерімен қамтамасыз ету – басты мәселе

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Халықты қауіпсіз қан компоненттерімен қамтамасыз ету – басты мәселе

Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек Жамбыл облыстық қан орталығының жұмысымен танысты. Ол орталықтың материалдық-техникалық жағдайын, қан дайындау, сақтау және тарату үдерістерін, сондай-ақ донорлармен жұмыс істеу жүйесін назарға алып, мекеме басшылығына нақты тапсырмалар жүктеді.

Облыстық қан орталығы — аймақтағы тұрғындарды қауіпсіз әрі сапалы қанмен және оның компоненттерімен қамтамасыз ететін стратегиялық маңызы бар медициналық мекеме. Орталықтың жылдық қуаттылығы 15 мың литрге дейін қан мен оның компоненттерін дайындауға мүмкіндік береді. Бұл көрсеткіш облыс көлеміндегі емдеу мекемелерінің сұранысын өтеуге толық жеткілікті.

Орталықтың қызметінде ерекше көңіл реципиенттер мен донорлардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бөлінеді. Донорды іріктеуден бастап қан компоненттерін құюға дейінгі әрбір кезең қатаң реттеліп, халықаралық стандарттарға сәйкес жүзеге асырылады. Қолданылатын тексеру, стерилдік, сақтау және тасымалдау әдістері қауіп-қатерлерді барынша азайтуға және осы үдерістің барлық қатысушыларының денсаулығын тиімді қорғауға мүмкіндік береді.

Бүгінде орталықта заманауи әдістер мен халықаралық стандарттарға сәйкес плазмоферез, компоненттік қан дайындау, ұзақ мерзімді сақтау жүйелері енгізілген. Қан мен оның компоненттері элементтерге (эритроциттер, тромбоциттер, плазма) бөлініп, науқасқа қажетті нақты компонентті ғана құюға мүмкіндік береді. Бұл әдіс медициналық көмектің сапасын арттырып, асқыну қаупін айтарлықтай төмендетеді.

Сержан Назарбек донорлық мәдениетті дамыту, халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту, тұрақты ерікті донорлар санын арттыру қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, қан қорын жоспарлы түрде толықтыру және өңірлік медицина мекемелерінің сұранысын қанағаттандыру мақсатында ішкі логистика мен сапаны бақылауды жүйелі жолға қою жөнінде тапсырмалар берілді.

Басқарма басшысы қан қызметінің маңыздылығын ерекше атап өтіп:
“Бүгінгі медицинаның алдыңғы қатарына шығуы — қауіпсіз және сапалы қанмен қамтамасыз ету жүйесінің тұрақты жұмыс істеуіне тікелей байланысты”,-деді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-densaulyk/press/news/details/1011563?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version