Науқас қауіпсіздігі – медицинаның басты ұстанымы

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Науқас қауіпсіздігі – медицинаның басты ұстанымы
Жамбыл облысында «Медициналық ұйымдардағы қауіпсіздік мәдениеті» тақырыбында оқыту семинары өтті. Шараға спикер ретінде медицина ғылымдарының магистрі (MBA), халықаралық және ұлттық аккредитацияға дайындау жөніндегі кеңесші, «Қазақстан денсаулық сақтау менеджерлері қауымдастығы» РҚБ-ның тең құрылтайшысы Айжан Садырбаева қатысты.
Семинардың ашылуына Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек қатысып, денсаулық сақтау менеджерлері қауымдастығына іс-шараны тегін ұйымдастырғаны үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ Айжан Садырбаеваның өңірдегі денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қосқан үлесіне ерекше тоқталып, Сейітхан Жошыбаев атындағы ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығын халықаралық JCI аккредитациясына сәтті дайындаған кеңесші ретіндегі еңбегін атап өтті. Бүгінде аталған орталық барлық халықаралық стандарттарға толық сәйкес келеді.
– Бұл семинардан алынған білім Жамбыл облысында медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға нақты септігін тигізетініне сенімдімін, – деді Сержан Назарбек.
Семинар облыстағы 50 медициналық ұйымның сапа бақылауы, стратегиялық даму және жобалық жоспарлау жөніндегі бас дәрігер орынбасарлары үшін ұйымдастырылды. Айжан Садырбаева өз сөзінде медициналық мекемелерде қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру мен дамытудың негізгі қырларын жан-жақты түсіндіріп қана қоймай, оқыс оқиғаларды талдау мен сапаны арттыруға арналған заманауи құралдарды, соның ішінде RCA (тамырлы себептерді талдау) және Fishbone diagram (Ишикава диаграммасы) әдістерін практикалық түрде үйретті. Сонымен қатар, ұлттық және халықаралық деңгейде қолданылатын аккредитациялық стандарттарға да шолу жасалды.
Ашық пікір алмасуға, өзекті мәселелерді талқылауға және кәсіби деңгейде тәжірибе бөлісуге мүмкіндік берген бұл семинар пациент қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен халық сенімін арттыруға бағытталған бірізді тәсілді қалыптастыру жолындағы маңызды алаңға айналды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-densaulyk/press/news/details/1016708?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version