БІЗ – ЖЕҢІСТІҢ МҰРАГЕРІМІЗ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Ұлы Жеңіске – 80 жыл.
Бұл күн – от пен оқтың арасында болған бабалардың ерлігіне, рухына тағзым ететін күн.
Бұл күн – бізге бейбіт аспан сыйлаған ұрпақ алдындағы аманатты еске салатын күн.
Бүгін Леңгір қаласындағы “Жеңіс” саябағында өткен мерекелік жиынға аудан әкімі Еркеғали Әлімқұловпен бірге қатысып, ұлы рухқа тағзым еттік.
Шара “Ер есімі – ел есінде” монументіне гүл шоқтарын қоюмен басталып, жауынгерлер рухына Құран бағышталды.
Артынан аудан тұрғындарымен бірге мәдениет үйінде өткен елдік пен бірлікті дәріптеген патриоттық концертке қатыстық.
Соғыс кезіндегі тылдағы тағдырлар сахнада көрініс тапқанда, залда отырғандардың көзіне жас алмай қалғаны болмады десек, артық емес.
Қазақстаннан майданға аттанған 1,2 миллион жауынгердің жартысы елге оралмады:
– 279 мыңнан астамы ұрыста мерт болды,
– 43 мыңы госпитальдарда жан тапсырды,
– 271 мыңы із-түзсіз жоғалды.
Ауданымыздан 11 мың жерлесіміз майданға аттанып, Ұлы Жеңіске өз үлесін қосты.
Сол жеңістің жүгін біздің отбасы да көтерді.
Атам – Махамбетәлі Қойбағаров соғысқа офицер шенінде аттанып, тұтқынға түскен. Фашистік концлагерьден қашып шығып, Франция партизандарының қатарында шайқасты. Жеңістен кейін, 1946 жылы елге аман оралды.
Ал туған ағасы – Қойбағаров Тортай атам 1942 жылы майданға аттанып, 1943 жылы хабарсыз кеткен. Ол Ленгер әскери комиссариатынан аттанып, 30-армия құрамына жіберілген. Архив деректерінде 1942 жылдың 28 желтоқсанында майдан шебіне аттанғаны көрсетілген. Кейінгі тағдыры – беймәлім.
Екі атамның да соғыс жылдарындағы өмірдерегіне іздестіру жалғасуда.
Бүгінгі тыныш таң – боздақтардың төгілген қанынан, шеккен азабынан туған.
Ал, соғыс жылдары Оңтүстік өңір ірі өнеркәсіп аймағына айналды.
Майданға:
– 2 миллион пұт ет,
– 800 мың литр сүт,
– 100 мың ірі қара,
– 1 миллионнан астам қой мен ешкі терісі,
– 44 080 пұт жүн,
– 2 миллион 120 мың пұт астық жөнелтілген.
Мамандардың есебі бойынша, облыстан тапсырылған мақтадан 7 миллион жауынгердің киімі тігілген.
Бүгінде қатары сиреген тыл ардагерлерінің ерлігі мен жанқиярлық еңбегі ұрпақ жадында мәңгі сақталады.
Ендеше бейбіт өмір сыйлаған аға буын алдында біз мәңгілік қарыздармыз.
Бұл Жеңіс – ұрпаққа мұра, ұлтқа аманат.
Біз – Жеңістің мұрагеріміз.
 
Аудандық мәслихаттың
төрағасы                                  Н.Қойбағаров

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslihat-tolebi/press/news/details/1004407?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version