Облыс әкімі Асайын Байханов жұмыс сапарымен Павлодар ауданына барып, көктемгі егіс жұмыстарының ағымдағы жағдайымен, инфрақұрылымдық және әлеуметтік маңызы бар жобалардың іске асырылуымен танысты, сондай-ақ фермерлермен кездесу өткізді.
Аудан әкімі Дидар Ибраевтың айтуынша биылғы жылы жалпы егіс алқабының көлемі 118,3 мың га құрайды. Жем-шөп дақылдарын егу көлемі – 43,4 мың га дейін, картоп – 5,3 мың га дейін ұлғайған. Аудан шаруашылықтары 11,1 мың тонна тыңайтқыш сатып алды, бұл жоспарланған көлемнің 103% құрайды. Диқаншылар техникамен және арзандатылған жанар-жағармаймен толық қамтамасыз етіліп, мемлекеттік бағдарламалар бойынша 2,2 млрд теңге сомаға қаржыландырылды.
«Набережное» ЖШС-нің егістіктерінде күнбағыс тұқымымен тәжірибелер жүргізілуде. Түркия, Германия, Сербия және Қытайдан әкелінген тұқымдарды қоса алғанда, күнбағыстың 14 түрі отырғызылды. Тәжірибенің мақсаты – жергілікті жағдайларға барынша бейімделген жоғары сұрыпты тұқымдарды анықтау.
Черноярск ауылдық округінде әкімге «Скугаревых» ШҚ агротехнология тәжірибесі көрсетілді. Онда өнімділікті арттыру үшін заманауи әдістер тиімді қолданылуда: кешенді тыңайтқыштар, ылғал үнемдейтін технологиялар, сондай-ақ мамандандырылған техникалар, яғни, картопты қазып алатын, отырғызатын, Dewulf комбайны, сәбіз жинайтын комбайн, сәбіз және қызылша отырғызатын техникалар.
Облыс әкімі өңірдің азық-түлік қауіпсіздігінің негізі ретінде осындай бастамаларды одан әрі қолдаудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Сондай-ақ, ауданның инфрақұрылымын дамытуға бағытталған барлық жұмыстарды сапалы және уақтылы орындауды тапсырды.
2025 жылы Павлодар ауданында жалпы сомасы 4,4 млрд теңгеге 33 жобаны іске асыру жоспарлануда. Бұл қаражаттың едәуір бөлігі инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған: Ефремовка, Новоямышев, Мичурин, Ольгинка және Кемеңгер ауылдарында 14,1 км ауыл ішілік жолдарды жөндеу, Мичурин ауылында мәдениет үйін салу және Ефремовка, Пресное, Богдановка ауылдарындағы мәдениет үйлерін жөндеу.
Сондай-ақ, Заңғар ауылындағы саябақты абаттандыру, Набережное және Жаңа-Қала ауылдарында балалар алаңдарын орнату, Ольгинка, Асыл тұқымды станция, Шақат, Набережное және Розовка ауылдарындағы шағын футбол алаңдарын ағымдағы жөндеу, Набережное ауылында ұялы байланысты жақсарту үшін антенна құрылысын орнату және т. б. қарастырылған.
Бағдарламаның екінші бөлігінде Мичурин ауылындағы мектептің күрделі жөндеу жұмыстары тексерілді. Бұл мақсаттарға 356,3 млн теңге бөлінді. Мұнда терезелері мен есіктері ауыстырылады, жылыту, электрмен жабдықтау және желдету жүйелері жөнделеді және ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіледі. Бала санының өсуіне байланысты, жаңа балабақша салу мәселесі көтерілді. Облыс әкімі тиісті жобаны әзірлеу бойынша жұмыстарды бастауды тапсырды.
Сонымен қатар, облыс басшысы Мичурин ауылындағы 250 орындық жаңа мәдениет үйінің құрылыс алаңына барды. Жобаны 2025-2026 жылдары іске асыру жоспарланған.
Сапар аясында Асайын Байханов 2020 жылдан бастап гидромелиоративтік инфрақұрылымды жаңғырту аясында іске асырылып жатқан Ертіс-Успен каналына барды. Құрылыстың барлық кезеңдерін белгіленген мерзімде аяқтауға байланысты барлық мәселелерді пысықтау және нысанды пайдалануға толық дайындығын қамтамасыз ету тапсырылды.
Жұмыс сапарының соңында құлпынай өсіруге маманданған «Жанашар 91» ӘКК кәсіпорнына барды. Жоба «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасының қолдауымен іске асырылуда және жыл бойы балғын жидектерді өндіруге бағытталған.
Сапар қорытындысы бойынша облыс әкімі аудан әкімдігі мен бейінді ведомстволарға аграрлық науқанның тұрақты қарқынын қамтамасыз етуді, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту бойынша жұмыстарды жандандыруды және барлық жоспарланған жобаларды сапалы іске асыруды тапсырды. Сондай-ақ, заманауи технологияларды тиімді қолданатын, тұқым таңдауға, агротехника мен суару жүйесіне тың көзқараспен қарайтын шаруашылықтардың тәжірибесінің ауқымын кеңейту тапсырылды.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar/press/news/details/1011323?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау