Павлодар облысының әкімдігінде бұқаралық спортты дамыту және «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мәселелері талқыланды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Бүгін Павлодар облысының әкімдігінде бұқаралық спортты дамыту және «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мәселелері қаралды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың спорт саласын реформалауға және ауылдық жерлерде өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған тапсырмаларын орындау басты назарда.

Жиналыс барысында ел Президенті қойған міндеттерді орындаудың маңыздылығы атап өтілді, оның ішінде – нормативтік базаны жетілдіру, артық талаптарды қысқарту және бюджет қаражатын бұқаралық спорттың пайдасына нақты қайта бөлу, спорттық инфрақұрылымды дамыту және отандық спортшыларды қолдау. Ағымдағы жылы осы өзгерістерді бекітетін Қазақстан Республикасының Заңына қол қойылды.

Павлодар облысында барлық елді мекендерде спортпен белсенді айналысу үшін жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінуде. Ақсу қаласында мұз аренасын салу, сондай-ақ Успен, Шалдай, Қараоба және Хмельницкое ауылдарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін салу бойынша ауқымды жұмыстар аяқталды. Павлодар қаласында жаңа спорт залы пайдалануға берілді.

Баянауыл, Қарақала, Қаратерек, Кемеңгер және Үштерек ауылдарында денешынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы жалғасуда. 2025 жылы Песчан, Бәйет, Қоянды және Жаңатілек ауылдарында тағы төрт кешеннің құрылысы басталды. Сондай-ақ, Успен, Ертіс және Көктөбе ауылдарында үш жүзу бассейні, ал Павлодар қаласында тағы бір спорт залы салынуда.

Облыс әкімі жобалардың сапалы іске асырылуы мен тиімділігіне баса назар аударып, қатаң бақылауда болуы тиіс екенін атап өтті. Құрылыс мерзімдерінің сақталуын қамтамасыз етуді де тапсырды.

Өңір республикалық спорттық іс-шараларға белсенді қатысады. Павлодар облысының құрамасы спорттың 14 түрі бойынша Қазақстанның VI жастар ойындарына қатысуда және бүгіннің өзінде 42 медаль жеңіп алды: 20 алтын, 10 күміс және 12 қола. Ойындардың жекелеген кезеңдері Павлодарда өтеді: гандболдан жарыстарды 9-17 маусым аралығында, үстел теннисінен – 16-22 маусым аралығында, ал тхэквондодан – 4-9 қыркүйек аралығында өткізу жоспарланған.

1-30 маусым аралығында ерекше қажеттіліктері бар павлодарлық спортшылар Қазақстан Республикасының VII спартакиадасына қатысуда.

Өңірде бұқаралық спортты дамыту жүйелі түрде жүргізілуде: облыстың 116 елді мекенінде барлық жастағы тұрғындар үшін жаттығулар ұйымдастыратын 148 спорт нұсқаушысы жұмыс істейді.

Жазғы кезеңде Ertis Promenade жағалауында және өңірдің басқа да қоғамдық орындарында 40-тан астам бұқаралық іс-шаралар – көше жаттығулары, денсаулық фестивальдері, ашық есік күндерін өткізу жоспарлануда. Болжам бойынша 2 мыңнан астам адамды қамту жоспарлануда.

Стратегиялық міндеттерді іске асыру аясында тиімділік индикаторлары әзірленді. Оған сәйкес 2025 жылға қарай жүйелі түрде спортпен шұғылданатын халықтың үлесі 41,3%-ға, ал 2029 жылға қарай 50%-ға жетуі тиіс. Сондай-ақ, спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету көрсеткіштері талданды. Ағымдағы жылға 80,2% нысаналы бағдар белгіленді.

Жиналыста қаралған екінші мәселе – «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын іске асыру болды. 2025 жылы 22 ауылдық елді мекенді жаңғыртуға 9,7 млрд теңге бөлінді. 45 жоба іске асырылуда, оның ішінде алты дене шынықтыру-сауықтыру кешенін, екі бассейн, екі мәдениет нысанын салу, сондай-ақ үш ауылда көше жарығын орнату бар. 14 әлеуметтік нысанды күрделі жөндеу, 48 шақырым жолды жаңарту жоспарланған.

«Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру басталғаннан бері барлығы 119 ауыл жаңғыртылып, облыстың 164 мыңнан астам тұрғыны үшін өмір сүру сапасы артты.

Облыс әкімі 2026 жылға арналған жобалау-сметалық құжаттамаларды әзірлеуді аяқтауды және инфрақұрылымдық өзгерістерге мұқтаж қалған елді мекендерді қамту бойынша жұмысты жандандыруды тапсырды.

Өңір басшысы бұқаралық спортты және ауылдық аумақтарды дамыту азаматтардың әл-ауқатының деңгейіне тікелей әсер ететін мемлекеттік саясаттың басым бағыттары болып табылатынын ерекше атап өтті. Барлық жоспарланған жобалар белгіленген мерзімде және барынша тиімді іске асырылуы тиіс.

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar/press/news/details/1011294?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version