ТҮЛЕКТЕР ТУҒАН АУЫЛЫНА «АЛТЫН КІТАП» ЖӘНЕ «ARNAU ARENA» СПОРТ ЗАЛЫН ТАРТУ ЕТТІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
 
24 мамыр күні Жалпақтал ауылында 1985 жылы мектеп бітірген түлектер туған ауылына «Алтын кітап», 2005 жылы мектеп бітірген түлектер «ARNAU ARENA» жабық спорт залын тарту етті. Қос нысанның ашылу салтанатына аудан әкімі Асланбек Сарқұлов, аудандық мәслихат депутаттары, ардагерлер қатысып, ризашылықтарын жеткізді.
 
— Кемеңгер жазушы Әбіш Кекілбайұлы «Адамды адам еткен — кітап, адамзат еткен — кітапхана», — деген қанатты сөзі бар. Кітапқа құрмет қай уақытта да жоғары болып қала бермек. Бұл елдің ертеңіне деген құрметтің көрінісі. Осындай игі бастаманы жүзеге асырған азаматтарға және елге болсын деген ұлтжанды азаматтарды тәрбиелеген ата-аналарға, ұстаздарға алғысым шексіз, — деді аудан әкімі.
 
Ғиният Молдашев мектебінің алдындағы саябақта орналасқан «Алтын кітапта» Абай Құнанбайұлы мен Мұқағали Мақатаевтың қанатты сөздері мен жыр шумақтары жазылған. «Алтын кітап» ғылым, еңбек, парасат сынды кітаптармен қатар орналасқан. Ал «Алтын кітаптың» алдында қос қылқалам бейнеленген. Кітаптағы көгершіндер кітап оқып, білімін жетілдірген түлектерді бейнелеп тұр.
 
— Бұл монументті Санкт-Петербург қаласының сәулетшілерінің эскизі негізінде ауыл азаматтары, мектеп түлектері өз күштерімен салды. Талайды таңдай қақтырар монументтің ауылға сән беріп, ажарын кіргізіп, сәулетін келістіргеніне қуаныштымыз. Бұл істің басы қасында сыныптастарым, жанашыр азаматтар жүрді. Баршасына алғыс айтамын. Туған жеріміз жайнап, әлеуетіміз арта берсін, — деді Атамбек Садықов
2005 жылы мектеп бітірген түлектердің бастамасымен бой көтерген «ARNAU ARENA» жабық спорт залының ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімі Асланбек Сарқұлов аудан спортының дамып келе жатқанын атап өтті.
 
— Мектеп түлектерінің туған жерге деген ерекше құрметі тек аудан жұртшылығын ғана емес, республика халқын тәнті етіп отыр. Жылдағы дәстүр жалғасын тауып, бүгін де мектеп түлектері туған ауылдарына «Алтын кітап»,«ARNAU ARENA» залын тарту етіп отыр. Елімізде спорт саласының дамуына ерекше көңіл бөлінуде. Соның ішінде ауылдық жерде кәсіби және бұқаралық спортты дамыту ерекше назарда. Ауданымыздың спорт саласында да жетістіктеріміз аз емес. Күні кеше «Бабалар ізімен» облыстық лигасында ауданымыз «Ең үздік спорт бөлімі» аталымына ие болды. Бүгін мектеп түлектері тарту етіп отырған спорт кешені ауданымыздың атын шығарып, мерейін асқақтатар спортшыларды тәрбиелеуге сеп болады деген сенімдемін, — деді аудан әкімі.
 
Спорт зал футзал, волейбол ойындарына және өзге де эстафеталық жарыстар мен ұлттық ойындарға бейімделген.
 
— Осыдан дәл 20 жыл бұрын біздер де мектеп түлектері атанып, тұлымдарымыз желбіреп, алдарымызға үлкен мақсат қойып, әрқайсымыз арман қуып, еліміздің түкпір-түкпірінде білім алдық. Ал бүгін әрқайсымыз тұлға болып қалыптасып, бір-бір маман болып, еліміз, туған жеріміз үшін адал қызмет етіп келеміз! Әрқайсымыз дүниеге кірпіш болып қаланып, өмірде өз жолымызды тапқанымыздың дәлелі ретінде және туған елімізге деген перзенттік парызымыз деп біліп, аға-апаларымыздың игі істерінің жолын жалғап, бүгін ел игілігі үшін ауылымыздың 2005 жылғы түлектері атынан «АРНАУ АРЕНА» жабық спорт залын тарту етудеміз. Бұл біз үшін үлкен мәртебе, — деді 2005 жылы мектеп бітірген түлек Диас Уданов.
 
Биыл ауданымызда мектеп түлектерінің бастамасымен 103 млн. астам қаражатқа 34 жоба жүзеге асырылуда.
 
Казталов ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-kaztalovka/press/news/details/1003841?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version