Мазмұны:
- Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Экономикалық сотының жаңа төрағасын сайлау туралы;
- Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің Америка Құрама Штаттарына ресми сапары туралы;
- Қытай Халық Республикасы Төрағасының Астанаға жұмыс сапары туралы;
- «Қытай – Орталық Азия» индустриялық-инвестициялық ынтымақтастық форумы туралы;
- «Орталық Азия – Қытай» екінші саммиті туралы;
- Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасарының Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумына қатысуы туралы;
- Қарусыздану саласындағы БҰҰ стипендиаттарының Қазақстанға сапары туралы;
- Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Қауіпсіздік кеңесі хатшылары комитетінің отырысы және ҰҚШҰ-ның киберқауіпсіздік жөніндегі халықаралық конференциясы туралы;
- Ислам ынтымақтастығы ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің 51-ші сессиясы туралы.
- Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Экономикалық сотының жаңа төрағасын сайлау туралы
2025 жылғы 10 маусымда Минск қаласында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) Экономикалық сотының Пленум отырысы барысында Қазақстан Республикасының өкілі – ҚР Жоғарғы Сотының судьясы Герман Кәрімұлы Нұрбаев бірауыздан ТМД Экономикалық сотының жаңа төрағасы болып сайланды.
Қазақстан өкілінің ТМД-ның негізгі құқықтық институттары бірінің басшылығына сайлануы – Достастыққа мүше мемлекеттердің еліміздің құқықтық жүйесіне деген жоғары сенімінің көрінісі әрі ТМД кеңістігінде құқықтық ынтымақтастықты нығайтудағы Қазақстанның сындарлы үлесін растайды.
Қазақстанның ТМД құрылымдарындағы институционалдық қатысуын кеңейту еліміздің стратегиялық мүдделеріне сай келеді және көпжақты өзара іс-қимыл тетіктерін одан әрі жетілдіруге ықпал етеді.
- Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің Америка Құрама Штаттарына ресми сапары туралы
2025 жылғы 12 маусымда Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу бастаған қазақ делегациясы Вашингтон қаласына ресми сапармен барды.
Сапар барысында ҚР Сыртқы істер министрі АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубиомен кездесті. Тараптар өзара сыйластық пен прагматикалық тәсілге негізделген кеңейтілген стратегиялық серіктестікті одан әрі дамытуға мүдделілігін растады. Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың басым бағыттары – сауда көлемін арттыру, америкалық технологияларды тарту, сондай-ақ Орталық Азия мен АҚШ арасындағы тұрақты диалог алаңы ретінде «C5+1» форматындағы өзара іс-қимылды ілгерілету мәселелері талқыланды. Трансұлттық қауіп-қатерлерге қарсы күресті қоса алғанда, халықаралық және өңірлік қауіпсіздікке қатысты мәселелерге ерекше назар аударылды.
Экономикалық күн тәртібі бойынша диалог АҚШ Сауда өкілі Джеймисон Грирмен кездесуде жалғасын тапты. Келіссөздер барысында энергетика, көлік, сирек жер металдары мен жоғары технологиялар салаларындағы ынтымақтастықты қамтитын сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды тереңдету мәселелері қаралды. Тараптар тарифтік және тарифтік емес кедергілерді жою тетіктерін, сондай-ақ көлік-логистикалық бағыттарды әртараптандыру жолдарын талқылады. Қазақ тарапы шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасауға және жетекші америкалық компаниялардың қатысуымен бірлескен жобаларды іске асыруға бейілділігін растады.
Сапар аясында АҚШ заң шығару органдарының өкілдерімен кездесулер ерекше маңызға ие болды. Сенаттың Халықаралық қатынастар комитетінің төрағасы Джеймс Ришпен кездесуде қазақ-америкалық стратегиялық серіктестігінің маңыздылығы мен парламентаралық диалогты жандандыру қажеттігі аталып өтті. Сенатор Риш Қазақстанның сындарлы сыртқы саяси бағытын жоғары бағалап, екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі тереңдетуге ниетті екенін білдірді.
М.Нұртілеу сондай-ақ ҚР-АҚШ парламентаралық кокусының тең төрағасы, конгрессмен Роберт Адерхольтпен және Өкілдер палатасының Сауда жөніндегі кіші комитетінің мүшесі Кэрол Миллермен жеке кездесулер өткізді. Келіссөздер барысында америкалық заң шығарушылар Джексон-Вэник түзетулерінің Қазақстанға қатысты күшін жоюға қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді. Бұл шешім екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге ықпал ететін болады.
Сапар қорытындысы бойынша жан-жақты ынтымақтастықты нығайтуға және жаңа бірлескен бастамаларды іске асыруға бағытталған нақты уағдаластықтарға қол жеткізілді. Бұл қазақ-америкалық стратегиялық серіктестігінің барлық негізгі бағыттар бойынша дәйекті дамуын айғақтайды.
- Қытай Халық Республикасы Төрағасының Астанаға жұмыс сапары туралы
2025 жылғы 16-17 маусымда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің Астана қаласына жұмыс сапары өтеді.
Сапар барысында жоғары деңгейдегі екіжақты келіссөздер өткізу жоспарлануда. Қазақстан мен Қытай арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестікті тереңдету, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, көлік-логистикалық байланыстарды нығайту, сондай-ақ гуманитарлық алмасу мәселелері талқыланады.
Индустрияландыру, инновациялар және «жасыл» экономиканы дамыту салаларындағы өзара іс-қимыл, сондай-ақ екі елдің стратегиялық бастамаларын өзара ұштастыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді.
Сонымен қатар мемлекет басшылары «Орталық Азия – Қытай» екінші саммитіне қатысады. Саммит барысында өңірлік ынтымақтастықты ілгерілету, орнықты даму, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және трансшекаралық сын-тегеуріндерге бірлескен ден қою мәселелері бойынша пікір алмасу көзделіп отыр.
- «Қытай – Орталық Азия» индустриялық-инвестициялық ынтымақтастық форумы туралы
Бүгін, 2025 жылғы 16 маусымда Астана қаласында «Қытай-Орталық Азия» индустриялық-инвестициялық ынтымақтастықтың екінші форумы өтуде. Форум жұмысына қазақ делегациясын Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр, ал қытай тарапын ҚХР Даму және реформалар жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары Чжоу Хайбин бастап келеді. Іс-шараға Орталық Азия елдерінің ресми өкілдері қатысуда.
Форум аясында салалық сарапшылардың қатысуымен IT, көлік және логистика, агроөнеркәсіптік кешен мен тау-кен металлургия салаларына арналған панельдік сессиялар өткізіліп, коммерциялық құжаттарға қол қою жоспарланған.
Аталған форумның алғашқы отырысы 2023 жылғы 16 ақпанда Қытайдың Циндао қаласында гибридті форматта өткен болатын. Іс-шараны ҚХР Даму және реформалар жөніндегі мемлекеттік комитеті мен Шаньдун провинциясының халық үкіметі ұйымдастырған. Оның қорытындысы бойынша «Қытай – Орталық Азия» индустриялық-инвестициялық ынтымақтастық жөніндегі Циндао бастамасы және «Ынтымақтастықтың табысты мысалдары» каталогы қабылданды.
Форум 2022 жылғы 25 қаңтарда қабылданған «Орталық Азия және Қытай мемлекеттері басшыларының бірлескен мәлімдемесіне» сәйкес, «Қытай – Орталық Азия» форматындағы индустриялық-инвестициялық ынтымақтастық платформасын дамытуға бағытталған уағдаластықтар шеңберінде жүзеге асырылуда. Бұл бастама дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай қабылданған шешімдердің жалғасы.
- «Орталық Азия – Қытай» екінші саммиті туралы
2025 жылғы 17 маусымда Астана қаласында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен «Орталық Азия – Қытай» форматындағы екінші саммит өтеді.
Іс-шараға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан президенттері, сондай-ақ Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин қатысады.
Саммит аясында өңірлік өзара іс-қимылды нығайту, саяси диалогты кеңейту, сауда-экономикалық байланыстарды тереңдету, көлік-транзиттік ықпалдастықты, энергетика, инновациялар мен тұрақты даму салаларын дамыту мәселелері талқыланатын болады.
Өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, трансұлттық сын-қатерлерге қарсы күрестегі бірлескен күш-жігерді үйлестіру, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық алмасуларды ілгерілету мәселелеріне ерекше назар аударылады.
Саммит қорытындысы бойынша Астана декларациясына және Мәңгілік достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартқа қол қою жоспарланып отыр. Бұл құжаттар тараптардың өзара құрмет, сенім мен ортақ жауапкершілік қағидаттарына негізделген жан-жақты серіктестікті одан әрі тереңдетуге бейілділігін бекітеді.
- Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасарының Санкт-Петербург Халықаралық экономикалық форумына қатысуы туралы
2025 жылғы 18-21 маусым аралығында Санкт-Петербург қаласында Петербург Халықаралық экономикалық форумы (ПМЭФ-2025) өтеді. Форум жұмысына Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр бастаған қазақ делегациясы қатысады.
Аталған Форум дәстүрлі түрде Ресей мен басқа мемлекеттердің мемлекеттік құрылымдары, іскер топтары мен сарапшылық қауымдастығы арасындағы диалог үшін беделді халықаралық алаң ретінде танылған.
ПМЭФ-2025-тің басты бағыты – жаһандық турбуленттілік жағдайында даму үшін ортақ бағдарларды әзірлеу, өзара іс-қимылдың қазіргі модельдерін қайта қарау және орнықты даму қағидаттарын қалыптастыру.
- БҰҰ стипендиаттарының қарусыздану саласындағы Қазақстанға сапары туралы
2025 жылғы 18-22 маусым аралығында Біріккен Ұлттар Ұйымының қарусыздану саласындағы бағдарламасына қатысушылардың Қазақстан Республикасына танысу сапары өтеді.
Аталған бағдарлама БҰҰ Қарусыздану мәселелері жөніндегі басқармасының қолдауымен жүзеге асырылып, әртүрлі елдерден келген жас мамандарды даярлауға бағытталған. Бағдарламаға қатысушылардың кәсіби қызметі болашақта қарусыздану, жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау және халықаралық қауіпсіздік салаларымен тығыз байланысты болмақ.
Сапар барысында стипендиаттар Қазақстанның жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған негізгі бастамаларымен, оның ішінде бейбітшілік, сенім және ядролық қарусыздану идеяларын ілгерілетудегі көшбасшылық рөлімен танысады. Бағдарлама шеңберінде олар Абай облысындағы Курчатов қаласында орналасқан Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығына барып, сондай-ақ ядролық қарусыздану жолындағы халықаралық күш-жігердің символына айналған бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының аумағына барады.
Аталған сапар – осы бағдарлама аясында Қазақстанда өткізілетін жетінші іс-шара болып табылады. Бұған дейін мұндай таныстыру сапарлары 2013, 2015, 2017, 2019, 2022 және 2023 жылдары өткен болатын. Бұл – халықаралық қоғамдастықтың Қазақстанның бейбітшілікті, тұрақтылықты және ядросыз әлем құру ісіндегі тәжірибесіне тұрақты түрде қызығушылық танытып отырғанының айғағы.
- Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Қауіпсіздік кеңесі хатшылары комитетінің отырысы және ҰҚШҰ-ның киберқауіпсіздік жөніндегі халықаралық конференция туралы
2025 жылғы 19 маусымда Қырғыз Республикасының Шолпан-Ата қаласында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) Қауіпсіздік кеңестері хатшылары комитетінің кезекті отырысы өтеді. Іс-шараға Қазақстан Республикасының делегациясын Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Ғизат Нұрдәулетов басқарады.
Кездесу барысында ҰҚШҰ жауапкершілік аймағындағы қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимылдың өзекті мәселелері қаралады. Атап айтқанда, халықаралық терроризмге, есірткі айналымының заңсыздығына, заңсыз көші-қонға қарсы күрес, сондай-ақ мүше мемлекеттердің киберқауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шаралар талқыланбақ.
Отырыс қорытындысы бойынша ҰҚШҰ аясындағы өзара іс-қимыл тетіктерін одан әрі жетілдіруге және ұжымдық қауіпсіздік саласындағы үйлестіруді күшейтуге бағытталған бірқатар құжаттарға қол қою жоспарлануда.
Сол күні Ғ.Нұрдәулетов ҰҚШҰ-ның киберқауіпсіздік жөніндегі халықаралық конференциясына қатысады. Халықаралық салалық ұйымдар мен сараптамалық қауымдастықтың өкілдері қатысатын бұл іс-шарада киберқауіпсіздікті қамтамасыз етудегі халықаралық ынтымақтастық, осы саладағы құқықтық реттеу, сондай-ақ жасанды интеллектті қоса алғанда, заманауи цифрлық технологиялардың жаһандық және өңірлік қауіпсіздікке ықтимал әсері мәселелері қаралады.
- Ислам ынтымақтастығы ұйымының Сыртқы істер министрлері кеңесінің 51-ші сессиясы туралы
2025 жылғы 21-22 маусым аралығында Ыстамбұл қаласында «Өзгермелі әлемдегі Ислам ынтымақтастығы ұйымы» тақырыбымен Ислам ынтымақтастығы ұйымының (Ұйым) Сыртқы істер министрлері кеңесінің 51-ші сессиясы өтеді.
Сессия жұмысына Қазақстан Республикасының Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу бастаған ресми делегация қатысады.
Іс-шара барысында ислам әлеміндегі қазіргі саяси жағдай, мүше мемлекеттер арасындағы мемлекетаралық өзара іс-қимылды нығайту, сондай-ақ сауда-экономикалық, мәдени және гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту жолдары талқыланады.
Халықаралық қауіпсіздік, қарусыздану саласындағы бастамаларды ілгерілету, исламофобия мен дінді қорлауға (диффамация) қарсы күрес, сондай-ақ әлемнің түрлі өңірлеріндегі мұсылман азшылықтарының құқықтары мен жағдайына ерекше назар аударылатын болады.
Күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі – ұйымның институционалдық реформасын жалғастыру және қазіргі геосаяси жағдайда Ұйымның тиімділігін арттыруға бағытталған нақты шараларды қарастыру.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1017991?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау