2025 жылғы 11 маусымда республикалық «Туристік және мәдени-тарихи нысандардағы қоғамдық эко-бақылау» акциясы аясында Павлодар облыстық қоғамдық кеңесінің мүшелері – Әбетжанов Д., Бексейітова Б., Корепанов Д., Регатунова М. Демеуов Б.-нің төрағалығымен ғылыми қауымдастық пен сарапшылар тобының өкілдерімен бірге «Қаздар қонысы» табиғи ескерткішінің жағдайына мониторинг жүргізді.
Белгілі болғандай, жыл сайынғы көктемгі тасқын кезінде Ертіс жағалауындағы жер қойнауынан ежелгі жануарлардың сүйектері ашылады.
Сарапшылар тобының мүшелері ерекше атап өткендей, ұзындығы шамамен 400 метр болатын және бірегей экспонаттар шоғырланған аумақты сақтау бүгінде аса маңызды. Себебі соңғы 20 жылда Ертістің көктемгі су тасқындары нәтижесінде «Қаздар қонысы» жеріндегі сүйек қабатының үштен бірі шайылып кеткен. Қазіргі кезде бұл табиғи ескерткішті сақтау жұмыстарының шектелуіне оның мәртебесі себеп болып отыр – бұл мәртебе ешқандай әрекетке рұқсат бермейді. Сарапшылардың айтуынша, жағалауды сақтау үшін табиғи ескерткіштің мәртебесін өзгерту қажет.
«Біз бұл ескерткішті жоғалтып жатырмыз. Зерттеу басталғаннан бері осы ескерткіштің 30%-ын жоғалттық. Бұл – өзеніміздің әсерінен. Сондықтан қазіргі уақытта бұл ескерткіштің мәртебесін өзгерту мәселесі өткір тұр. Қазіргі «ерекше қорғалатын табиғи аумақ» мәртебесінде ешқандай жұмыс жүргізуге болмайды. Біз оны сақтау және қалпына келтіру жұмыстары жүргізуге болатын басқа санатқа ауыстыруды ұсынып отырмыз», – дейді Павлодар облыстық қоғамдық кеңесінің экология және ТКШ мәселелері жөніндегі комиссиясының төрайымы Марина Регатунова.
Ғалымдардың айтуынша: «Жағалауды бекіту қажет, ол шайылып кетпеуі үшін. Бұл аумақ үлкен емес, дегенмен табиғи ескерткішке лайықты келбет беру керек. Бұл ескерткіш – дүниежүзілік маңызы бар табиғи мұра. Әлемде оған ұқсас шамамен 20 орын бар. Бірақ дәл осындай, қаланың шекарасында орналасқан және бірегей қабатты кесіндісі бар орын – бұл жалғыз».
Мониторингке қатысушылардың айтуынша, жағалауды сақтау үшін арнайы жобалар ұсынылып жатыр. Солардың ішінен ең қолайлысын іске асыру үшін табиғи ескерткіштің мәртебесін өзгерту туралы оң шешім қабылдау қажет.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslihat-pavlodar-obl/press/news/details/1017699?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау