“Әулиеата -кітап оқитын өңір” жобасы аясында Жуалы ауданында Шерхан Мұртазаның әдеби-мемориалды үйінде Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, ардагер журналист, мәдениет майталманы Асқарбек Ақылшаұлы Сейілханның «ШЕР АҒАНЫҢ ШЕКПЕНІНЕН ШЫҚПАСАМ ДА…» және ардагер журналист Бекет Момынқұлдың «Момышұлы әлемі» кітаптарының Жуалы ауданындағы таныстырылымы өтті.
Аталмыш іс-шараға аудан ақсақалдары, ауыл тұрғындары қатысты. Онда Батыр Бауыржан мен Шерханның тағылымды мұралары, көз көргендердің естеліктері айтылып, кітапқа енген тың ақпараттар оқырман назарына жетті.
Еркін сұхбат барысында Асқарбек Ақылшаұлы Шераға образында сахналық қойылымнан үзінді оқыса, Бекет ағамыз нағыз ізденімпаз журналист ретінде тың архивтік деректерімен бөлісті.
Іс-шара барысында Шераға орталығының директоры Жасұлан Әбдіхалық жиынның басты мақсатын елге жеткізе отырып, қос кітап ертең үшін үлкен рухани мұра болатындығын да атап өтті.
Жиында өлкетанушы Дәулетжан Байдалиев, Сейітқазы Медетбеков, Шәкір Мамаджанов пікір айтып, өз естеліктерімен де бөлісті.
Іс-шарада кітап авторлары кітаптардың бір-бір данасын Шераға үйіне, Талапты ауылының Мектебіне, аудандық ардагерлер үйіне, аудандық музейге және Жуалы ауданының кітапханасына табыстады.
Жиын соңында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұржан Жаңабаев ел ағаларына алғысын жеткізіп, аудан жұртшылығы үшін мұндай тағылымды жиындардың маңызы зор екенін айтты.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-zhualy/press/news/details/1017846?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау