2025 жылғы 22 мамыр – Нидерланд Корольдігінің Гаага қаласында Legal & Business Insights: Dutch-Kazakh Business Relations атты бизнес іс-шарасы өтті. Оны халықаралық BUREN заң фирмасы Қазақстан Республикасының Нидерландтағы Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырды. Кездесудің басты мақсаты – екі ел арасындағы құқықтық және іскерлік ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылау болды. Іс-шара аясында Нидерландта шығатын Tulip іскерлік журналының кезекті шығарылымы таныстырылды.
Қазақстанның Нидерландтағы Елшісі Қайрат Әбдірахманов өз сөзінде екіжақты серіктестікті әртараптандырудың маңыздылығын атап өтіп, кәсіби диалогқа жаңа алаң ұсынғаны үшін ұйымдастырушыларға алғыс білдірді. Ол Қазақстанның жаһандық ресурстар мен нарықтар үшін бәсекелестік жағдайында шетелдік инвесторлар, оның ішінде нидерландтық компаниялар үшін қолайлы бизнес ортасын құруға, сондай-ақ шағын және орта бизнесті қолдауға баса назар аударып отырғанын жеткізді. Кәсіпкерлер Қазақстанның транзиттік хаб ретіндегі геоэкономикалық маңызын және стратегиялық ресурстар жеткізушісі ретіндегі рөлін ескере отырып, жаңа мүмкіндіктерді пайдалануға шақырылды.
Қазақстан мен Нидерландтың заң, инвестиция және бизнес өкілдері еліміздің құқықтық реттеу жүйесі мен инвесторлардың құқықтарын қорғау кепілдіктерін жан-жақты талқылады. Қазақстанда бизнес жүргізудің құқықтық аспектілері, инвестицияларды қорғау, салық салу, трансшекаралық мәмілелерді құқықтық сүйемелдеу және бірлескен кәсіпорындар құру мәселелері көтерілді.
Талқылау барысында ауыл шаруашылығы, су ресурстары мен экология, фармацевтика және медицина технологиялары, логистика, сондай-ақ сирек кездесетін және сирек жер металдарын өндіру мен өңдеу сияқты өзара мүдделі негізгі салалар қозғалды. Өз кезегінде сарапшылар Нидерландтағы бизнес жүргізудің түрлі қырларын талқылап, бұл нарықтың қазақстандық кәсіпкерлер үшін де тартымдылығын атап өтті.
Қатысушылар осындай кәсіби алаңдардың жаһандық экономика қарқынды өзгеріп жатқан жағдайда тәжірибе алмасу, сенімді нығайту және нақты шешімдер қабылдау үшін маңызды екенін атап өтті.
Бұл іс-шара Қазақстан мен Нидерланд арасындағы тұрақты, құқықтық және ұзақ мерзімді экономикалық әріптестікті одан әрі дамыту жолындағы маңызды қадамға айналды. Қазақстан Республикасының Елшілігі кәсіби деңгейде ұйымдастырылған іс-шара үшін BUREN заң фирмасына және мазмұнды әрі сындарлы диалог жүргізген барлық қатысушыларға алғыс білдіреді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-hague/press/news/details/1003653?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау