100 гектар даму алаңы: Жаңақалада аграрлық жоба бастау алды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Жаңақала ауданында ауыл шаруашылығын дамытуға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды жоба іске қосылды. «Фурор Сенокос» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне Жаңақала ауылының оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан, босалқы жер қорынан 100 гектар жер телімі бөлінді. Бұл жер учаскесі ауылдың Бас жоспарына сәйкес бау-бақша өсіру және көгалдандыру мақсатында берілген.

Аталған жобаның жүзеге асырылуы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған басымдықтарға толық сәйкес келеді. Президент өз Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін дамытуға, жер ресурстарын тиімді пайдалануға, ауылдағы кооперацияны қолдауға және халықты қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз етуге ерекше мән берген болатын.

«Президент нақты атап өтті: Қазақстанның болашағы — тиімді, экологиялық таза әрі әлеуметтік жауапты ауыл шаруашылығында. Біз осы бағытты жергілікті деңгейде нақты іспен жүзеге асырып жатырмыз», — деп атап өтті аудан әкімдігі өкілдері.

Жобаның негізгі бағыттарының бірі — ақуызға бай, мал шаруашылығын дамытуда аса қажетті екпе шөп – жоңышқа өсіру. Климаттық құрғақшылық пен азық бағасының өсуі жағдайында өзімізде мал азығын өндіру ерекше өзекті болып отыр.

Кооператив бүгінде егістік жұмыстарын бастап кетті. Жақын жылдары бөлінген 100 гектар жердің толық игерілуі жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде жергілікті шаруа қожалықтары мен жеке қосалқы шаруашылықтарды сапалы әрі қолжетімді мал азығымен қамтамасыз етіп, сыртқы нарыққа тәуелділікті төмендетеді.

Мал азығынан бөлек, жалға алынған аумақта жеміс-жидек ағаштары отырғызылып, маусымдық көкөніс өнімдері де өсірілуде. Барлық өнім ауыл тұрғындарына қолжетімді бағамен сатылуда. Бұл да Президенттің халықты сапалы және арзан азық-түлікпен қамту жөніндегі тапсырмасының орындалуына қосқан үлес болып табылады.

Жоба ауыл тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындарын ашып, жергілікті халықты өндірістік процеске тартуда. Бұл ауылдағы экономикалық ахуалды жақсартуға сеп болуда. Ұзақ мерзімді перспективада бұл жоба әлеуметтік жауапты және тұрақты ауыл шаруашылығы құрылымының үлгісіне айнала алады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-zhangala/press/news/details/1003035?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version