Елорда іргесіндегі өңір еліміздің мәдени орталықтарының бірі ретінде өз мәртебесін тағы бір дәлелдеді. Мұнда талант пен шеберлік тек туған өлкеде ғана емес, республика аумағынан тыс жерлерде де жоғары бағаланады. Кәсіби мереке қарсаңында — Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес ұлттық мәдениет пен өнердің дамуына сүбелі үлес қосқан ақмолалықтар мемлекеттік наградалармен марапатталды.
«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының жетекші актері Қайрат Мырзаболатовқа берілді. Ал Ақмола облыстық орыс драма театрының актрисасы Людмила Скуратова — сахна өнеріне деген адалдығы мен ұзақ жылғы еңбегі үшін «Құрмет» орденімен марапатталды. Қазақстан Республикасы Президентінің алғыс хатына ие болғандардың қатарында — еңбегі республикалық деңгейде жоғары бағаланған Диана Алтайқызы және басқа да мәдениет майталмандары бар.
Марапатталғандар арасында 50 жылдан астам ғұмырын би өнеріне арнаған Целиноград аудандық мәдениет үйінің 70 жастағы хореографы Ерсін Жүсіпов те бар. Оның шәкірттерінің би орындаған бейнежазбасы әлеуметтік желілерде кең тарап, халықтың ыстық ықыласына ие болды. Ерсін Жүсіпов – тек ұстаз ғана емес, бірнеше буын талантты бишілерді тәрбиелеп шығарған нағыз шебер-тәлімгер. Оның «Ақбота» би ансамблі «Халықтық» атағына ие болып, Целиноград ауданының мәдени брендіне айналды.
Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазанов мәдениет және өнер саласының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтап, олардың еліміздің мәдениетін шетелде танытып жүргенін ерекше атап өтті. Облыс өнерпаздары халықаралық мәдени іс-шараларға белсенді қатысып, шет елдерде табысты өнер көрсетуде.
Мәселен, биыл алғаш рет Германияның Франкфурт және Штутгарт қалаларында Ақмола облысының шығармашылық кештері өтті. Кеш бағдарламасына «Шапағат» мемлекеттік медалінің иегері Аягөз Қалмағанбетова, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары — «Orda» этно-фольклорлық ансамблі және жас дәстүрлі әнші Замзагүл Смағұлова қатысты.
Сондай-ақ, елордада өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының мәдени бағдарламасына Ақмола облысынан 700-ден астам мәдениет қызметкері атсалысты.
Айта кетсек, өңірде 3,5 мыңға жуық мәдениет саласы маманы еңбек етеді, 127 халықтық көркемөнерпаздар ұжымы жұмыс істейді. Соңғы үш жылда 8 жаңа мәдени нысан салынып, 78-і жөндеуден өтті.
Мәдени мұраны цифрландыру бойынша ауқымды жұмыс атқарылуда: 38 мың музейлік бірлік цифрланды, 400-ден астам QR-код, 3D-тур мен аудиогид жасалды. Өңірдің танымал өнер иелері туралы «Ән ордасы Көкшетау» антологиясы жарық көрді.
Театр мен айтыс өнеріне де жан-жақты қолдау көрсетілуде. Өңірде халықаралық деңгейдегі фестивальдер мен конференциялар тұрақты түрде өткізіледі. Ақмолалық шығармашылық ұжымдар мен жеке орындаушылар шетелдік сахналарда өнер көрсетіп, дәстүр мен заманауи стильдің үйлесімін паш етуде.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-madeniet/press/news/details/1003000?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау