22 мамыр күні М.Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінде «21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне» арналған «Мәдениет – мәңгілік, өнер – өміршең» атты мерекелік салтанатты шара өтті.
Шараны аудан әкімінің орынбасары Бектас Нуридинов ашып, аудан халқын өнермен сусындатып жүрген бірқатар мәдениет саласы қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтап, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНЫҢ ҮЗДІГІ» төсбелгісімен Қалымбетов Тұрсынбек Әбенұлын, Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағының «ЕҢБЕК ДАҢҚЫ» төсбелгісімен Жаңабеков Серік Әбділдаұлын, Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағының «ЕҢБЕК ДАҢҚЫ» төсбелгісімен Бидашев Оразғали Бексұлтанұлын марапаттады.
Сондай – ақ, 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай облыс әкімінің Алғыс хатымен, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының Алғыс хатымен, «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Құрмет грамотасымен, аудан әкімінің Алғыс хатымен бірқатар мәдениет және өнер қызметкерлері марапатталып, сыйлықтар табыс етілді.
Салтанатты шарада «AMANAT» партиясының Жаңақорған аудандық филиалының төрағасы Арман Мажитов мәдениет саласы қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, мәдениет және өнер қызметкерлерін «AMANAT» партиясының алғыс хатымен марапаттады.
Салтанатты шара аудан өнерпаздарының төл мерекеге арналған концерттік бағдарламасымен жалғасты.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-zhanakorgan/press/news/details/1002705?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау