А вирустық гепатит ауруынан қалай сақтануға болады?

Жарияланды:

Автор:

категорияда

А вирустық гепатит – бауырды зақымдаумен өтетін жедел вирусты ауру (бұдан әрі – АВГ).

 Жұқпаның көзі – ауру адам. Науқастан вирус нәжіспен бөлінеді. А гепатитінің вирусы физикалық және химиялық факторларға төзімді, сондықтан вирус ұзақ уақыт сыртқы ортада сақталады. Берілу механизмі – фекальді – оральді, су, тағам, тұрмыстық – қатынас жолдары арқылы жүзеге асады. Ластанған тағамдар мен суды пайдаланғанда немесе ауру жұқтырған адаммен тікелей қарым-қатынаста болғанда, ластанған суларда жүзу кезінде және жеке бас  гигиенасын сақтамаған жағдайларда ауру жұғады.

Ауру көбінесе қатерсіз ағымда сарғаюмен немесе сарғаюсыз өтеді. Клиникалық белгілері интоксикация синдромы түрінде, тұмау тәріздес көріністермен, ішек – қарын бұзылыстарымен, тері жабындыларының және аққабықтың сарғаюымен сипатталады.

А гепатитінде инкубациялық кезең 7 күннен 50 күнге дейін (орташа 35 күн) созылады. А гепатитімен барлық жастағы адамдар ауырады, бірақ көбінесе егілмеген балалар, оқушылар. А вирусты гепатит ауруының көбеюі көп жағдайда күз мезгілінде басталады, бұл ауруды жаз мезгілінде жұқтырумен байланысты: суды тұтыну және көкөністерді, жемістерді, бақша өнімдерін тұтынуды арттыру, су айдындарында шомылу.

Бүгінгі күнде А вирустық гепатитінің ең тиімді алдын – алу әдісі вакцинация болып табылады. А гепатитіне қарсы екпе жоспарлы түрде екі рет 2 жастағы балаларға және эпидемиологиялық көрсеткіш бойынша науқаспен қарым-қатынаста болған бұрын жоспарлы түрде егілмеген 14 жасқа дейінгі балаларға тұрғылықты мекен-жайы бойынша емханаларда тегін жүргізіледі.

 Сонымен қатар А вирустық гепатитінің жеңіл алдын – алу шараларын орындау керек:

– жеке бас гигиена ережелерін  қатаң түрде сақтау, тамақтанар алдында және дәретханадан кейін, жұмыстан, қыдырудан келгенде қолды сабынмен жуу;

– ішуге тек қайнатылған немесе бөтелдегі суды қолдану;

– шомылғанда судың ауызға түсуін болдырмау;

– ыдыстарды, адамдар жиналатын орындарды тазалықта ұстау;

– санитариялық тораптарда, жуынатын бөлмеде дезинфекциялау құралдарын қолдана отырып, тазалау жұмыстарын жүргізу;

– науқас балаларды бала-бақшаға және мектепке апармау;

– смартфоныңызды антисептикалық заттармен үнемі өңдеңіз.

Осы ережелер мен ұсыныстардың барлығын сақтай отырып, А вирустық гепатиттен қорғануға болады.

 

 Железин аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar-zhelezinka/press/news/details/1001523?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version