6 шілде – Астана күні
АСТАНА – АРМАНДАРДЫҢ «АЭРОДРОМЫ»
Астана қаласы – дамудың, түлеудің, жаңғырудың символы іспетті. Бас шаһар әр адамға әрқашан бірінші болуға тырысуды, құласа қайта тұруды, сынса да берілмеуді үйрететіндей. Ал, авиация саласының арыстаны, подполковник Ерген Мұқанов Астананы «армандардың аэродромына» теңейді.
Ерген Мұқанов Жымпиты Қ. Мырзалиев атындағы мектепті 2001 жылы бітірді. Баласының болашағын қырағы көз әкесі Ерсайын көріп, болжап қойған еді:
– Сен әскери адам боласың! Ақтөбеге барып, ұшқыштардың оқуына түс! Ақжол, айналайын!
Ақтөбе қаласындағы Кеңес Одағының екі мәрте батысы Т. Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштері институтының ешкімді де құшақ жайып қарсы алғысы жоқ. Институтқа түсуге тек шыдамдылар лайық. Әлсіздер оқу корпусы былай тұрсын, ауласынан әрі жүруге міндетті. Бірақ, Ерген ауылға кері қайту үшін келмеді. Сынға шыдады, сынақтарды тапсырды. Күзде – ақ туған үйіне курсант Мұқановтан хат келді. «Авиация инженері» мамандығына қабылданыпты.
Ергеннің өмірінде орыны бар үш қала бар – тын. Біріншісі – білім алған, алғаш рет ұшақ бортына шығарған аяулы Ақтөбесі. Екіншісі – Алматы. «Жетіген» әскери авиациалық базасында өткен бес жыл – биік белес. Үшіншісі – Шымкент. Қаратаудың бойында Ергеннің сегіз жылы қалды.
Авиация инженері Ерген Мұқановтың міндеті – әскери ұшақтарды ұшумен қамтамасыз ету. Былай айтқандай, жүйрікті баптап, жабуын сыпырып, шабандозын мінгізіп, «Шүу!» дегендей бейнетті жұмыс. Ергеннің «авиаколлекциясын» қарап отырсақ, ол аспанның «падишалары» атанған – МИГ – 39, Су – 30 және Су – 25 ұшақтары. Әсіресе, маман ретінде Ерген Ерсайынұлының көңілі «Су – 30» маркасына көңілі әбден толады.
– «Су – 30» – жоғары маневрлі жойғыш ұшақ. Истребитель. Бортына пилот пен штурманға ғана сияды. Бірақ, әлді, қуатты. 9 тонна жүкті көтере алады.
«Су – 30» – дың сапасы, жылдамдығы бәрі – бәрі сыннан өткен, уақытпен және майданмен тексерілген. Мен техниканың жүйесін тексеремін, ұшқыш тетігін бұрап, самғай жөнелетіндей күйге келтіремін. Әріптестерімізбен бірге ұшақтың бауырына оқ, бомба, зымырандарын «байлаймыз». – дейді Ерген авиабазадағы жұмысы туралы.
Ерген еңбегінің арқасында аға – техниктен база директорының инженерлік авиация жөніндегі орынбасарына дейін көтерілді. 2018 жылы Астана қаласындағы Ұлттық қорғаныс университетіне оқуға қабылданды. Білімге кеткен екі жыл оны өсірді, дамытты. Кейін ҚР Қарулы күштерінің бас штабында, стратегиялық жоспарлау департаментіне қызметке қабылданды. Бүгінде жерлесіміз Ұлттық қорғаныс басқару орталығының басқару пунктері бөлімінің бастығы болып тағайындалды.
– Авиация саласында табан аудармастан 13 жыл қызмет еттім. Қазір Қарулы күштердің жоғары басшылығына қабылдандық. Әлемдегі геосаяси жағдайды ауылдағы ағайын да анық біліп, көріп отыр. Қазір қақтығыстардың бәрі әуе арқылы жүзеге асуда. Сондықтан, «Су – 30» секілді жаһандық қарулардың тілін қазақ балалары да үйренуі керек. Қазір әуе саласының техникалық қызметін біртиптіге көшіру жүруде.
Қазақстан Республикасы ел қазынасының үштен бір бөлігін қорғаныс саласына жұмсап отыр. Бұл – өте дұрыс. Жауынгерлік әзірлікті де шыңдай беруге тиіспіз. Армия мықты болмай, мемлекет мықты болмайды. – дейді жымпитылық офицер.
Ерген өзін «көкке көтерген» – әкесі Ерсайынның тәрбиесі, анасы Раузаның батасы деп біледі. Ал, биігінде тұруға көмектескен – жанұясының қолдауы. Жары Ақмарал мен 4 перзенті – оның басты байлықтары. Олар да әкелерінің әскери өміріне, қаладан қалаға көшіп – қонып жүретін «ат үстіндегі өміріне» үйренген.
Ерген бүгінде – астаналық. «Әрине, қазақтың астанасы бізге қадірлі, қымбат. Тазалығы, сергітетін ауасы ұнайды. Бір байқағаным, бұл қалада жас ұрпақтың білім алуына, дамуына зор мүмкіндіктер бар. Астана – мүмкіндіктер қаласы, армандарға қанат бітетін «аэродром»! Балаларымның болашағы үшін елорданы таңдадым! – дейді кейіпкеріміз.
Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,
Сырым ауданы
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-syrym/press/news/details/1031194?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау