САУРАНДА ІРІ МАЛ БОРДАҚЫЛАУ АЛАҢДАРЫ ІСКЕ ҚОСЫЛУДА: МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ ЖОБАМЕН ТАНЫСТЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Бүгін, 8 шілдеде, Сауран ауданына арнайы жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Қайрат Балабиев Ескі Иқан ауылдық округінде болып, өңірдегі агроөнеркәсіптік бағыттағы ірі жобалардың бірі – мал бордақылау алаңдарының құрылыс барысымен танысты.
Іс-шараға Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров, Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішев, облыстық мәслихат депутаты Жанар Темірбекова, «AMANAT» партиясының Сауран аудандық филиалының төрағасы Сағынбек Асылбеков қатысты.
Қайрат Рахымұлы Ескі Иқан ауылдық округінде орналасқан “Түркістан Ет өнімдері” ЖШС-нің мал бордақылау алаңының құрылыс жұмысын аралап көрді. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров бұл нысанның аймақтың агроэкономикалық әлеуетін көтеруге ықпал ететінін атап өтті.
– Қазіргі таңда Сауран ауданында 20 гектар аумақта 30 бордақылау алаңының құрылысы жоспарланған. Соның 25-і құрылыс жұмыстарын бастап кетті. Бұл нысандар ауданымыздағы 12 ауылдық округтің аумағында орналасады. Жалпы инвестиция көлемі – 5 миллиард теңге. Жоба толық іске қосылғанда, кемінде 120 адам тұрақты жұмыспен қамтылады, – деді аудан басшысы.
Бұл жобаның басты ерекшелігі – мал бордақылау алаңдарының бір жерде шоғырлануы. Мұндай тәсіл инфрақұрылымды тиімді пайдалануға, шығындарды азайтуға және жұмысты жүйелі ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Санитарлық, ветеринарлық талаптар бір орталықта қатаң бақыланып, ет өнімінің сапасы мен көлемі артады. Сонымен қатар, сервистік қызметтерді орталықтандыру арқылы кәсіпкерлерге қолдау көрсетіледі. Ең маңыздысы – жаңа жұмыс орындары ашылып, ауылдық жерлердің экономикалық белсенділігі артады.
Кездесу барысында Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев ауданда жүзеге асып жатқан жобаның ауқымдылығы мен құрылымына оң баға берді. Ол мал шаруашылығын дамыту – ауылдық жерлерде жұмыспен қамту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өңірлік экономиканы әртараптандырудың маңызды тетігі екенін атап өтті.
– Ел Президенті ауыл шаруашылығына ерекше көңіл бөліп отыр. Сол бағыттағы нақты бастамалар осындай жобалар арқылы жүзеге асуы қажет. Бұл – елді мекендердегі еңбекке қабілетті азаматтардың тұрмыс сапасын арттыруға мүмкіндік беретін тиімді модель. Бастама жүйелі іске асатын болса, Сауран ауданы мал шаруашылығы бойынша облыста алдыңғы қатарға шығары сөзсіз, – деді Қайрат Рахымұлы.
Жергілікті тұрғындар мен жеке кәсіп иелерімен кездесу кезінде депутат жобаның іске асырылуына орай ұсыныс-пікірлерін тыңдап, кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау тетіктері жөнінде ақпарат берді.
Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sauran-turkestan/press/news/details/1031308?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version