Нитраттық улану: нені білу керек және өзіңізді қалай қорғауға болады

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Жаз келген сайын дүкендер мен базарлардың сөрелері түрлі-түсті көкөністер мен жемістерге толады. Алайда, тәбетті арттыратын сыртқы келбетінің астарында адам денсаулығына қауіпті – нитраттық улану жасырынып тұруы мүмкін. Бұл, әсіресе, балалар мен иммунитеті әлсіреген адамдар үшін аса қауіпті.
Нитраттық улану – бұл азот және азотты қышқыл тұздарымен (нитраттар және нитриттер) уланудан туындайтын жіті немесе созылмалы интоксикация. Бар-жоғы 1-4 грамм нитраттың өзі жіті улануға алып келуі мүмкін. Мұндай уланулардың көпшілігі кездейсоқ сипатқа ие және құрамында нитрат көп болатын ластанған тағам өнімдерін тұтынумен байланысты.
Нитраттардың 70%-ға жуығы адам ағзасына өсімдік тектес тағамдар арқылы түседі. Қалған бөлігі – ауыз су, ет өнімдері және аздаған мөлшерде тыныс алу жолдары арқылы. Тағам өнеркәсібінде нитраттар консервілеу мен тұздауда кеңінен қолданылады, бұл олардың таралуын арттырады.
Нитраттар үшін ең осал топ – емізулі сәбилер. Олардың ағзасында бұл қосылыстардың гемоглобинге уытты әсерін бейтараптандыратын ферменттер жеткіліксіз. Нәтижесінде оттек алмасу бұзылып, ауыр салдарға әкелуі мүмкін.
Нитраты шамадан тыс көкөністерді кейде сыртқы түрінен-ақ тануға болады: олар табиғи емес ірі, шырынды болып көрінеді, дәмі ерекше, кейде іші желе тәрізді болады. Кескен кезде жарықшалар немесе тым сулы құрылым байқалса – бұл азотты қосылыстардың жоғары мөлшерін көрсетуі мүмкін. Әсіресе маусымға сай емес, жылыжайда тыңайтқыштармен өсірілген өнімдерге сақ болған жөн.
Мәселенің өзектілігін статистика да растайды. 2025 жылдың басынан бері Ақмола облысында жіті ішек инфекцияларының 179 жағдайы тіркелген. Ауырғандардың әр бесіншісі өз жағдайын көкөніс, жеміс-жидек немесе жаңа піскен салаттарды тұтынумен байланыстырады.
Сәуір айынан бастап Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті Ұлттық сараптама орталығымен бірлесіп түсіндіру жұмыстарын және жедел зерттеулер жүргізуде. Зерттелген 589 үлгінің 55-інде (9,3%) нитрат деңгейінің рұқсат етілген мөлшерден асып кеткені анықталған. Әсіресе Қытай, Чили, Өзбекстан, Бразилия және Тәжікстаннан келген өнімдерден артық мөлшер жиі кездескен. Жіті бұзушылықтар облыстың бірнеше ауданында, сондай-ақ Көкшетау және Степногорск қалаларында тіркелді.
Тәуекелді азайту үшін маусымға сай емес өнімдерден бас тарту, көкөністерді мұқият жуу, тұзды суға салып қою және қабығын аршып пайдалану ұсынылады. Денсаулық – өз қолыңызда. Өнімді саналы түрде таңдаңыз және өзіңізді сақтаңыз.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-akmolinsk/press/news/details/1031948?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version