2025 жылдың 8 шілдесінде Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Жамбыл облысы бойынша өкілі Еркін Қуанышев Тараз қаласындағы “Үміт” мамандандырылған бөбектер үйі КММ-не бару жүргізді.
Сапар мақсаты – мекемедегі балалардың құқықтарының сақталу жағдайын зерделеу, олардың өмір сүру сапасы мен әлеуметтік қамтылу деңгейін бағалау болды.
Бару барысында мекемеде тәрбиеленушілердің тамақтануын ұйымдастыру мәселелері, ас блогының санитарлық-техникалық жай-күйі, медициналық кабинеттердің жабдықталуы мен санитарлық талаптарға сәйкестігі, сондай-ақ балаларды жұмсақ жиһаздармен қамтамасыз ету деңгейі қаралды.
Сонымен қатар, мекеме ұжымымен кездесу өткізіліп, онда Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген адам мен азаматтың негізгі құқықтары мен бостандықтары түсіндірілді. Еркін Қуанышев Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының қағидаттары мен «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» Конституциялық заңның негізгі ережелері туралы жан-жақты ақпарат берді.
Кездесу барысында Уәкілдің Жамбыл облысындағы өкілінің функциялары мен атқарылған жұмыстары туралы баяндалды. Сондай-ақ балалардың құқықтары мен оларды қорғау мәселелері, ата-аналардың заң алдындағы міндеттері, еңбек ету еркіндігі, тынығу және қауіпсіз еңбек жағдайларына құқық сынды бірқатар маңызды құқықтық түсіндірмелер берілді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ombudsman-zhambyl-oblysy/press/news/details/1032161?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау