Целиноград ауданында Ақмол, Ақжар, Оразақ және Шалқар ауылдық округтерінің әкімдерін сайлау басталды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Бүгін, 13 шілде күні, Целиноград ауданының Ақмол, Ақжар, Оразақ және Шалқар ауылдық округтерінде таңғы сағат 07:00-де ауыл әкімінің кезектен тыс сайлауын өткізу бойынша учаскелер ашылды.

Сайлауды ұйымдастыру және өткізу Целиноград аудандық аумақтық сайлау комиссиясына жүктелген. Бұл процесте бір аумақтық және 12 учаскелік сайлау комиссиясы қатысуда. Сайлаушылар тізіміне 7985 адам енгізілген.

Сайлау учаскелерінде №639, №640, №733, №641 Ақмол ауылдық округінде 5889 сайлаушы тіркелген.

Ақжар ауылдық округінің №679, №680 учаскелерінде 727 сайлаушы дауыс беруге құқылы.

Оразақ ауылдық округінің №674, №675 учаскелерінде 891 сайлаушы тіркелген.

Сондай-ақ, Шалқар ауылдық округінің сайлаушылары болашақ ауылдық округ әкіміне өз дауыстарын береді. Округтің 478 тұрғыны сайлау құқығына ие.

Сайлау учаскелері таңертеңгі уақыттан бастап белсенді түрде жұмыс істеп жатыр. Сайлаушылар өз азаматтық жауапкершілігін танытып, жергілікті басшының таңдауының маңыздылығын түсінеді.

Сайлау кешкі сағат 20:00-ге дейін жалғасады. Төрт ауылдық округ бойынша барлығы 10 кандидат ұсынылды, оның ішінде 8-і – өзін-өзі ұсынушылар, 2 кандидат – «AMANAT» партиясынан. Агитациялық кезеңде кандидаттар өз бағдарламаларын таныстырып, жергілікті тұрғындармен кездесіп, округтің болашағына қатысты мәселелер мен даму перспективаларын талқылады.

Сайлау аяқталған соң және дауыстар есептелгеннен кейін нәтижелер үш күн ішінде жарияланады. Сайлау аяқталғаннан кейін жеті күн ішінде аумақтық сайлау комиссиясы сайланған әкімді тіркейді, содан кейін ол өз міндетіне кіріседі.

Айта кету керек, бүгін ауылдық әкімдер сайлауы тек Целиноград ауданында ғана емес, сондай-ақ Ақмола облысының басқа 18 өңірінде да өтіп жатыр. Бұл жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудағы маңызды қадам, тұрғындарға өз елді мекендерінің болашағына ықпал етуге мүмкіндік береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-selinograd/press/news/details/1033656?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version