Алматы облысы полиция департаментінде жеке құрамның саптық тексеру өтті. Басты мақсат – қызметтік киімді, қызметкерлердің сыртқы келбетін, жарақтандырылуын, сондай-ақ табельдік қару мен арнайы құралдардың бар-жоғын және жарамдылығын бақылау. Тексеруді департамент бастығының орынбасары Арман Тіленшин жүргізді.
Саптық тексеру барысында формалық киімнің біркелкілігіне, айырым белгілерінің дұрыс тағылуына, сыртқы келбет пен ұқыптылыққа, сондай-ақ табельдік қару, бронежилеттер, жеке қорғаныс және байланыс құралдарының техникалық жай-күйі мен толықтығына ерекше назар аударылды.
Арман Тіленшиннің айтуынша, саптық қарау – тәртіп пен қызметтік жауапкершілікті арттырудың маңызды тетігі.
– Әрбір полицей мінсіз көрінуі тиіс – киім үлгісінен бастап өзін-өзі ұстауына дейін. Өйткені халық бізге ең алдымен сыртқы бейнеміз арқылы баға береді. Полицей – бұл жай ғана мамандық емес, бұл – мемлекеттің келбеті. Сондықтан әрқайсымыз жоғары стандартқа сай болуымыз тиіс. Тәртіп – бұл ішкі ұйымдасудың ғана көрінісі емес, сонымен қатар қоғамның құқық қорғау органдарына деген сенімінің көрсеткіші, – деді ол.
Сонымен қатар полиция полковнигі Арман Тіленшин қызметтік және жол қауіпсіздігі, азаматтармен қарым-қатынас тәртібі, әдеп пен сыпайылық стандарттары, қызметтік міндеттерді орындау кезінде жеке қорғаныс шаралары бойынша нұсқаулық өткізді.
Алматы облысының полициясында мұндай саптық тексерулер тұрақты түрде өткізіледі. Бұл – қызметкерлердің кәсіби дайындығын бақылаудың, сондай-ақ жабдықтау, тәртіп пен қызмет атқаруға дайындық барысындағы кемшіліктерді дер кезінде анықтау мен жоюдың маңызды тетігі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-alm/press/news/details/1038091?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау