Келес ауданында ауыл және ауылдық округ тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары қарқын алуда. Аудан бойынша 83 елді мекеннің 64-і немесе 118 518 тұрғыны орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. 19 елді мекенде әлі де ауыз су мәселесі шешілмеген. Оның ішінде төрт елді мекен – Шолантөбе, Байғабыл, Коммунизм, Мәдениет ауылдары экономикалық тұрғыдан тиімсіз деп танылып, жергілікті тұрғындар ұңғыма мен құдық суын пайдалануда.
Қалған 15 елді мекенде құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың төрағалығымен өткен әкімдік отырысында аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Алмас Абдуллаев баяндады.
Аудан тұрғындарына үш мекеме ауыз су жеткізеді. «Сарыағаш ТСЖ» өндірістік бөлімшесі 10 елді мекенге қызмет көрсетеді. Абай ауылында су тапшылығы мәселесі өзекті болып отыр. Тәулігіне 4 000 м³ су қажет болса, қазіргі таңда екі күнде бір рет 1500-2000 м³ су берілуде. Осыған байланысты актілер толтырылып, «Қазсушар» ШЖҚ РМК «Оңтүстікауызсу» филиалына хат жолданған.
Абай ауылындағы 25 мың тұрғынға қосымша демеушілер есебінен екі дана сүзгі қондырғысы орнатылды. «Дарбаза ТСЖ» өндірістік бөлімшесі Ошақты және Қошқарата ауылдық округтері мен Қызыләскер елді мекендерін қоса алғанда 27 ауылға су жеткізеді. «Келес Қызмет» КММ тарапынан да 27 елді мекенге ауыз су беріліп отыр. Қазіргі таңда Жаңатіршілік пен Ынтымақ ауылдарында қосымша 100 м³ тұндырғыш орнату жұмыстары жүріп жатыр.
Құрылыс жұмыстары бірқатар ауылдарда жалғасуда. Қосөткелде 11,5 шақырым су құбыры толық тартылып, насос станциялары мен 1000 метрлік ұңғыма құрылысы жүргізілуде. Ескіқорған және Құйған ауылдарында 33,2 шақырым су құбырының 20,5 шақырымы тартылып, трансформатор орнатылды.
Жаңадәуірде 37 шақырым құбырдың 23 шақырымы тартылып, 135 метрлік ұңғыма қазылды. Өндірістік кестеден кешігуіне байланысты мердігер ұйымға айыппұл салынды. Жуантөбе, Қияжол, Көгерту, Қаратөбе және Ақсу ауылдарында да құрылыс-монтаж жұмыстары кестеден кешігуде, осыған байланысты айыппұлдар қолданылды. Ал Оңтүстік ауылында құрылыс жұмыстары толық аяқталып, нысанды қабылдау рәсімі жүргізілуде.
Аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартудың негізгі көрсеткіші екенін атап өтті. Ол ауыл тұрғындарының ауыз су тапшылығы мәселесін шешу бойынша барлық жоспарланған нысандарды уақытында аяқтауды қатаң тапсырды. Әсіресе өндірістік кестеден кешігіп жатқан елді мекендер бойынша мердігер ұйымдардың жауапкершілігін күшейтуді міндеттеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-keles/press/news/details/1038822?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау