Түнгі мотоциклдердің дауысы, қаңғыбас иттер, жол белгілерін орнату – осы және өзге де мәселелер бойынша ауыл тұрғындары учаскелік инспекторға жүгінеді. Бахтияр Садуовтың жұмыс күні азаматтарды қабылдаудан басталады. Ол – Бескөл кентінің орталығындағы жаңа учаскелік инспектор.
Әр азаматқа түсініктеме беріп, қажет болса – тиісті органдарға хабарлау, жедел әрекет ету қажет. Ауыл әкімдігінде тұрғындарды қабылдауға арналған жеке кабинет бар. Бұл – өте ыңғайлы, себебі сол маңда басқа мамандар да орналасқан, қажет жағдайда жедел кеңес алуға мүмкіндік бар.
Бахтияр қызмет көрсететін аумақта 4700-ден астам адам тұрады. Ол күн сайын жағдайды талдап, тұрғындармен жақынырақ таныса түседі. Күннің екінші жартысын аулаларды аралауға арнайды. Оның назарында тек тіркеудегі тұлғалар емес, көмекке мұқтаж болуы мүмкін қарапайым тұрғындар да бар.
Мысалы, учаскеде 67 жалғызбасты зейнеткер тұрады – олардың әрқайсысымен танысып, шағымдары бар-жоғын білу, байланыс нөмірі жазылған визит карточкасын қалдыру қажет. Учаскелік инспекторды тұрғындар түрінен тануы тиіс – бұл қазіргі заманғы полицияның басты қағидаты.
Жаз айларында көпшілік хаттамалар абаттандыру ережелерін бұзу деректері бойынша толтырылады. Бахтияр Қызылжар ауданында 2021 жылдан бері қызмет атқарып келеді, ауыл өмірінің ерекшелігін жақсы түсінеді.
Қылмыстың алдын алу – учаскелік инспекторлардың басты міндеттерінің бірі. Аула аралау кезінде Бахтияр тұрғындарға интернет-алаяқтық туралы жадынама таратып, “банк қызметкеріміз”, “байланыс операторы” деп қоңырау шалатын алаяқтарға сенбеуге шақырады.
Жедел-профилактикалық іс-шаралар аясындағы рейдтер, түнгі кезекшіліктер, халықпен кездесулерге қатысу, шақыртуларға жедел әрекет ету – «мың бір міндеттің» жұмысы инспекторды күндіз де, түнде де қызметте болуға міндеттейді. Алайда Бахтияр бұл ауыртпалықтарға сабырмен қарайды.
-Мен үшін қоғамға пайдам тигені маңызды, – дейді полиция капитаны Садуов. – Жастайымнан адамдарға көмектескім келді, сондықтан полиция қызметіне келдім. Бұл – қауіпсіздікті, Заң мен Тәртіпті қамтамасыз етудің жолы. Бұл жай жұмыс емес – бұл менің өмірлік ұстанымым.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-sko/press/news/details/1039927?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау