Адал адам туралы көп айтамыз. Әсіресе соңғы кезде «адал адам, парасатты қоғам» деген терминдер пайда болды. Ал ол кім, адалдықтың өлшемі қандай? Осы жерде мүдіреміз.
Әрине, аталы сөзбен айтқанда, адал адам – ешкімнің ала жібін аттамаған, ешкімге қиянат жасамаған, қанағатшыл, адал еңбегімен абырой жиған әділетшіл адам. «Заманына қарай-адамы» деген тұрғыдан қарасақ, бүгінгі заманда адал адамды шаммен іздеп тапқандайсың. «Адалдық ойласаң, бал жұтасың, арамдық ойласаң, қан жұтасың» дегендей, арамдықпен мал жиып, бірін-бірі алдап, арбап тұрған мына дәуірде қан жұтып жүрген де адам көп.
Жә, пәлсападан тура ойға көшелік. Бүгінгі күннің адал азаматы кім, ол қандай болуы керек? Ең бірінші, адалдық – әділдік өлшемімен өзектес. Адал азамат әрқашан әділ шешімдер қабылдап, айналасындағы адамдармен әділ қатынаста болуы тиіс. Адалдық өлшемінің тағы бір маңызды құрамдары- жауапкершілік пен сенімділік. Өзіне жауапкершілік алатын адам ғана біреу үшін, қоғам үшін алаңдап, әділдік үшін күресе алады. Адал азамат басқалардың сенімін ақтауға тырысады, уәдесін орындайды, екі сөйлемейді. Қиын жағдайларда адамдарға көмектесуге дайын болады. Әлеуметтік жауапкершілікті түсінеді, өзіне міндет қабылдайды.
Бүгінгі күні қоғамнан жырақ өмір сүру мүмкін емес. «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар – қалан» деп Абай айтпақшы, қоғамдық , елдік мәселелерге араласу және оларды шешуге атсалысу- сенің азаматтық парызың. Әрине, адал азамат тереңнен ойлап, қандай істе де салқынқандылық пен парасаттылық таныта алса, өзгелердің құқықтары мен пікірлеріне құлақ түріп, салиқалы шешім қабылдай алса, нұр үстіне нұр! Ал ол үшін, әрине, білім мен өре керек! Сондықтан бүгінгі азаматтың білімге ұмтылуы, заманауи дағдыларды үштастыра алуы, жаңа идеялар мен технологияларды қабылдауға, өзгерістерге бейім болуы да аса маңызды.
Әділдік жолы оңай емес. Ақ пен қараның күресінде бірбеткейлік пен төзімділік, әр түрлі пікірлер мен мәдениеттерге ашық болу, өзгені тыңдай алу, кей кездерде бітімгер, араағайын болу да қажеттігі туындайды. Осы қасиеттер мен қабілеттерді ұштастыра алған парасатты, адал, әділетті, ақиқатшыл адам ғана бүгінгі күннің әділ қазысы, төрешісі бола алмақ.
Дәл осындай ар өлшемімен бағаланатын «адалдық» деген баға жетпес қасиетті бүгіндері дүниәуи тірліктің қалтарысына ысырып, тұмшалап тастағанымыз рас. «Достық, қастық, бар қызық – жүрек ісі, ар – ұяттың бір ақыл күзетшісі» деп Абай айтқандай, ар, ұят, әділдік жолымен жүрген халықтың бұра тартпасы белгілі. Шығыс ойшылдарының «ақылды, ақниетті адамдарды ардақтап, арамдарды олардың билігіне берсе, халық адал болады. Арамдарды төбеге көтеріп, адалдарды олардың табанына салса, жұрт кеселге, ұятсыздыққа, ел баянсыздыққа ұшырайды» деген пәлсапасы бүгінгі заманның бет-пердесі іспетті. Осының қайсысы басым? Оны өздеріңіздің талқы-таразыңызға салдым…
Бір шүкіршілік ететініміз: аңызаққа аңқасы кеуіп келіп, шыңырау суына бас қойғандай, ата жолы мен бабалар өнегесіне, өзіміздің алтын арқау- құндылықтарымызға жүгіне бастадық. Жоғалтқанымыз бен жоғалғанымызды да, балалықтағы көп арманымызды да осы бір кәусар бұлақ – руханиятымыздан іздеп, тауып жатырмыз. Осы руханият пен адами құндылықтар арқылы болашаққа да бағдар жасап жатқан жайымыз бар. Бұл жерде азаматтық қоғамның рөлін айтпай кетуге болмайды.
Қоғамдық ұйымдар, осы мақсат – мұрат жолында жас ұрпақтың бойына рухани және ұлттық құндылықтарды дарыту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатындағы түрлі әлеуметтік жобаларды іске асыруда. Бөбекжайдағы кішкентай сәбидің өзінен «адал деген не, арам деген не? Саған адал адам ұнай ма, арам адам ұнай ма?» деп сұрасаң, бір ауыздан «адал адам» деп шулай жөнеледі. Демек, отбасында да, бөбекжайда да, мектепте де бұл әңгіме айтылады. Осының өзі көңілге – медеу.
Қазір білім беру ұйымдарында жүзеге асып жатқан «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы да жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарға негізделіп отыр. Осы құндылықтардың ең негізгі үштағаны – ар, намыс, ұят деген қасиеттер дер едім мен. Қазақтың «Ардан аттама». «Жігіттің екі сөйлегені – өлгені». «Қоянды қамыс, ерді намыс өлтіреді». «Өлімнен ұят күшті» деген қанатты сөздері бүгінде көп айтыла бермейді. Осы сөздердің әрқайсысы – зерттеу жұмыстарына татитын терең, толғаулы тақырыптар.
Тақырып демекші, қазір мектептерде «Жемқорлықсыз әлем», «Мен болашақ үшін жауаптымын» тақырыптарында эссе және сурет байқаулары тұрақты өтіп тұрады. Бұл шаралар баланың қиялына қанат бітіріп, ойлау қабілеттерін арттырады. Бала өз арманында нені, қандай әлемді көргісі келеді? Әрине, гүлденген әлемді, кедергісіз келешекті көргісі келеді! Онжылдық шамасында бұл тақырыпта сөйлей қалсаң, балалар «жемқорлықты жою мүмкін емес. Бұл кесел тамырын әбден жайып кеткен» дейтін. Ал қазіргі мектеп, қолледждердегі «Адал ұрпақ», «Саналы ұрпақ» клубтарының мүшелері: «Болашақты жасайтын – біз! Демек өз болашағымыз – өз қолымызда! Әрқайсымыз адал болып, үйімізге адал ақша әкелетін болсақ, адал қызмет жасасақ, жемқорлықты түбегейлі болмаса да, азайтуға болады. Парасатты қоғам жемқорлыққа тосқауыл бола алады. Ол үшін басшы әділ, адамдар адал, отаншыл болуы керек» дегенді батыл айтады.
Балаларымыздың бұл сөздері «Байлық не керек, адалдан жимасаң. Билік не керек, әділдік құрмасаң» деген аталы сөзге саймай ма?! Ғұлама Әл-Фараби «Қайырымды қаланың өсіп-өркендеуі үшін басты талаптың бірі – әділдік, бірлік пен жанашырлық» деген-ді. Олай болса, әділеттілік, адалдық, парасаттылық идеясы Әділетті Қазақстанның басты ұраны болса, сөзден – іске көшсек деген тілек бар.
Ағлен Таласбай, ардагер журналист
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-karakiya/press/news/details/1040543?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау