Астана қаласындағы №12 көпшілік кітапхананың ұйымдастыруымен «Таза Қазақстан» ауқымды экоакциясы аясында жасөспірім оқырмандарға арналған «Қызыл кітап беттерінде» атты экологиялық тәрбие сағаты өтті. Іс-шараның мақсаты – адамның қоршаған ортадағы маңызды рөлін көрсету, жабайы табиғатқа деген қызығушылықты ояту, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Тәрбие сағатында табиғатты аялауға тәрбиелеу, экологиялық сана-сезім мен жауапкершілікті қалыптастыру мақсатында балаларға Қазақстанның Қызыл кітабына енген сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарлар мен өсімдіктер туралы мәліметтер берілді. «Мен әлемді танудамын» кітап көрмесі де ұйымдастырылды. Іс-шараға қатысушылар бірнеше топқа бөлініп, әр топқа жеке тапсырмалар мен шығармашылық міндеттер жүктелді. Бұл әдіс балалардың белсенділігін арттырып, топпен жұмыс істеу дағдысын дамытуға ықпал етті.
«Бүгін осы кітапхана орналасқан «Шаңырақ Астана» жатақханасында тұратын балаларға арнап тәрбие сағатын өткіздік. Оларға қызықты болу үшін іс-шараны төрт кезеңге бөлдік. Алдымен балаларға экологиялық тақырыпта танымдық мультфильм көрсетілді. Сосын ребус, жұмбақтар жасырылды, «Ізін тап» байқауы және сұрақ-жауап кезеңі болды. Балалар ұлдар мен қыздар болып бөлініп, өзара тартысты ойын өткізді, топтық формат экологиялық тақырыпты тереңірек түсінуге мүмкіндік берді», – дейді кітапхана меңгерушісі Әйгерім Әлмағанбетова.
Тәрбие сағатының бағдарламасы қызықты да танымды түрде өтті. Қатысушылар табиғатты қорғаудың маңыздылығы туралы тереңірек түсінді. Балалардың экологиялық білімі артып, топтық жұмыс олардың қызығушылығын оятты және оларды бірлесе әрекет етуге үйретті. Іс-шара соңында кітапхана ұжымы атынан балаларға сыйлықтар мен тәттілер тарту етілді.
Меңгерушінің айтуынша, 20 жылдан бері жұмыс істейтін кітапханада 30 мыңға жуық кітап қоры бар. Жатақхана балалары күн сайын сабағына дайындалу үшін осында келіп отырады. Одан бөлек қаладағы басқа балалар да келіп кітап оқи алады. Сонымен қатар мұнда екі үйірме жұмысы ұйымдастырылған. Балалар кітапханада қол өнер және сурет салу үйірмесіне қатыса алады.
ТазаҚазақстан #экология #TazaChallenge @TazaQazaqstan
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1040718?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау