АУДАН ӘКІМІ ЖОҒАРЫ БАЛЛ ЖИНАҒАН ТҮЛЕКТЕРДІ МАРАПАТТАП, ҚҰТТЫҚТАДЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров 2024–2025 жаңа оқу жылы Ұлттық бірыңғай тестілеуде жоғары балл жинаған үздік оқушылармен арнайы кездесу өткізді. Жиынға оқушылармен қатар олардың ата-аналары мен ұстаздары да қатысты.
Биыл Сауран ауданында 1579 оқушы 11-сыныпты аяқтап, олардың 1427-сі ҰБТ-ға қатысқан. Орташа балл 78-ді құрады. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда жақсы нәтиже. Сонымен қатар, «Алтын белгі» иегерлері – 104 оқушы, «Үздік аттестат» алғандар – 131 оқушы. Жалпы аудан бойынша білім сапасы 60,3%-ды құрап, өткен оқу жылымен салыстырғанда 4,6%-ға артқан.
Кездесуде аудан басшысы үздік нәтиже көрсеткен оқушыларға алғыс айтып, олардың жетістігін мақтанышпен атап өтті. Әкім өз сөзінде:
«Білім – ел болашағының темірқазығы. Сіздердің жетістіктеріңіз – ата-ана мен ұстаз еңбегінің, өздеріңіздің тынымсыз ізденіс пен табандылықтарыңыздың нәтижесі. Бұл – тек бастамасы ғана, алда бұдан да үлкен белестер күтіп тұр», – деп атап өтті.
ҰБТ-да жоғары нәтиже көрсетіп, аудан абыройын асқақтатқан түлектер қатарында А.Үсенов атындағы жалпы орта мектебінің түлегі Абдушарап Назым Нұрлыбекқызы – 136 балл, М.Әуезов атындағы мектептен Жұмахан Қазыбек Бектұрұлы – 134 балл, Қазыбек би атындағы мектептің түлегі Әбен Назгүл Бауыржанқызы – 134 балл, Төле би атындағы мектептен Әбдусаттарова Ниғара Абдұқадырқызы – 133 балл, «MIRAS-M school» жекеменшік мектебінің оқушысы Шәуен Дастан Дидарұлы – 133 балл, А.Югнаки атындағы мектептен Ибрагимова Насиба Аброрқызы – 131 балл және №3 жалпы білім беретін мектептің түлегі Есенгелді Айша Ерланқызы – 130 балл жинап, аудан мақтанышына айналды.
Кездесу соңында әкім оқушылармен еркін сұхбат құрып, болашақ мамандық таңдауы, жоғары оқу орындарына түсу жоспарлары жөнінде пікір алмасты. Ол оларға сенім артып, әрдайым биіктен көрінулеріне тілектестік білдірді.
Айта кетейік, білім саласында инфрақұрылымды дамыту бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жаңа оқу жылында Аша және С.Қожанов елді мекендерінде екі мектеп пайдалануға беріледі. Абай ауылында 300 орындық мектептің құрылысы басталған. Сонымен бірге, Майдантал және Құмтүйін ауылдарындағы мектептерді қайта салу және 300 орындық «Оқушылар сарайын» салуға қатысты жобалық-сметалық құжаттар әзірлену үстінде.
Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sauran-turkestan/press/news/details/1042360?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version