2025 жылғы 29 шілдеде Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Нұрбол Саттаров Бірлік ауылдық округінің шаруаларымен ағын су жетіспеушілігіне байланысты кездесу өткізді.
Жиынға ауылдық округтің диқандары, жергілікті әкімдік өкілдері, учаскелік полиция қызметкерлері және ағын су жеткізетін мекеменің жауапты мамандары қатысты.
Нұрбол Жақсылықұлының айтуынша, биылғы жылы өңірде бірқатар факторлар ағын судың тапшылығына әкеліп соқтырған. Оның ішінде жауын-шашынның аздығы – құрғақшылыққа алып келген. Сондай-ақ, күріш егістігінің көлемі бірнеше есе артып кеткен. Мәселен, былтыр ауданда 1,5 мың гектар жерге күріш егілген болса, биыл 5 мыңнан астам гектар жерге күріш егілген. Оның ішінде Бірлік ауылдық округінде жыл басында 290 гектар жерге күріш егу жоспарланса, қазір бұл көрсеткіш 900 гектардан асып кеткен.
Мақтаарал, Жетісай аудандарын ағын сумен қамтамасыз ететін «Достық» магистралді каналы арқылы қазіргі таңда бар-жоғы 85 сек/м³ ағын су келіп жатыр. Ағын су тапшылығын ескере отырып, вегетациялық науқанда мақта дақылын суаруды тиімді ұйымдастыру үшін күрішке беріліп жатқан су толықтай тоқтатылатынын Нұрбол Жақсылықұлы ескертті.
Ол аудан әкімдігі тарапынан вегетациялық науқанды сәтті ұйымдастыру үшін арнайы жұмысшы топ құрылғанын атап өтті. Оның құрамында аудан әкімдігі, аудандық мәслихат, аудандық полиция бөлімінің басшылары мен қызметкерлері бар. Жұмысшы топ 24 сағат бойы кезекшілік жасап, аудан бойынша ағын суды реттеп беру, суды кезекпен алу, су пайдалану тәртібін сақтау, оның ішінде пал алып суғару сияқты мәселелерді қадағалауда.
Нұрбол Саттаров алдағы 15 күннің ішінде мақта дақылы толықтай суғарылып үлгермесе, мақта дақылының өнімділігі күрт түсіп кететінін тілге тиек етті. Ол нақты іс-шаралар жоспарын ұсынып, су арналары мен арық-атыздардың бойындағы шөптерді тазарту, қажет болған жағдайда насостар орнатып, мақтаны суғаруды жеделдету керектігін қадап айтты.
«Әрбір шаруа өз учаскесін ғана ойламай, бірлесе әрекет етуі керек. Бұл мәселені қоғам болып шешу – жалғыз жол. Егер алдағы 15 күннің ішінде мақтаны суғарып үлгермесек, өнімділігі күрт төмендеуі мүмкін. Бұл үшін барлық тарап бірлесіп, тәртіппен, тиімді жұмыс істеуі қажет» – деді, әкімнің орынбасары.
Айта кетейік, мұндай кездесулер жұмысшы топ тарапынан барлық ауылдық округтерде өтуде.
(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-maktaaral/press/news/details/1042355?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау