Зейнетақы жинақтарының 40% астамын таза инвестициялық кіріс құрайды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Салымшылардың жеке зейнетақы шоттарындағы зейнетақы жинақтары олар аударатын жарналардан және зейнетақы активтерін басқару нәтижесінде алынған инвестициялық кірістерден құралады. Барлық зейнетақы активтері БЖЗҚ-ға біріктірілген сәттен бастап (2014 жылғы 1 сәуір) 2025 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша жинақтардың жалпы көлеміндегі таза инвестициялық кірістің үлесі жүргізілген төлемдерді ескергенде 40,5% құрайды, жинақталған таза инвестициялық кірістің көлемі 12,18 трлн теңгеден асты.

2025 жылдың алғашқы айларында байқалған қысқа мерзімді ауытқуларға қарамастан, 6 айдағы инвестициялық кіріс шамамен 350,7 млрд теңгеге жетті. ҚРҰБ басқаратын және міндетті, міндетті кәсіптік және ерікті жарналар есебінен қалыптастырылған зейнетақы активтерінің кірістілігі 2024 жылғы шілдеден бастап 2025 жылғы маусымға дейінгі соңғы 12 айда 12,22% құрады. Бұл кезеңдегі инфляция 11,8% тең болды. ЖМЗЖ-ның 2025 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша соңғы 12 айдағы табыстылығы 12,15%.

Егер неғұрлым ұзақ кезеңді қарастыратын болсақ, онда орта және ұзақ мерзім ішінде зейнетақы жинақтарының жинақталған инфляция деңгейінен асатын оң нақты кірістілігі қамтамасыз етіледі. Мәселен, 1998 жылы жинақтаушы зейнетақы жүйесі құрылған сәттен бастап 2025 жылғы 1 шілдеге дейін жинақталған инвестициялық кірістілік 996,28% құрады. Бүкіл кезеңдегі инфляция – 892,73% тең.

Жоғарыда келтірілген сандар зейнетақы активтерінің жекелеген қысқа мерзімді кезеңдердегі кірістілігі оларды басқару тиімділігінің көрсеткіші бола алмайтындығын растайды. Өйткені қысқа мерзім ішінде есептелген қаржы құралдары және басқа операциялар бойынша сыйақы түріндегі кірістер әрдайым осы кезеңдегі бағалы қағаздар мен валюта бағамдарының өзгеруін жаба бермейді. Сондықтан инвестициялық кірісті объективті бағалауды кем дегенде бір жыл ішінде жүргізген жөн.

 Сондай-ақ, Қазақстанда инфляция деңгейін ескере отырып, міндетті зейнетақы жарналарының сақталуына бірегей кепілдік берілетінін еске саламыз. Салымшының төлемге құқығы басталған кезде жинақталған кірістілігіне кері әсерін тигізген жекелеген кезеңдердегі кірістіліктің төмендеуі жағдайында айырманың өтемақысына мемлекет кепілдік береді.

Зейнетақы активтерін инвестициялық басқару мен есепке алу жүйесі толықтай ашық: әрбір салымшының  enpf.kz сайтындағы немесе ұялы қосымшадағы жеке кабинетінен өзінің инвестициялық кірісін көруге мүмкіндігі бар. 

БЖЗҚ зейнетақы активтерін инвестициялық басқару және олар орналастырылған қаржы құралдары туралы ақпарат Қордың (www.enpf.kz) ресми сайтындағы «Статистика және аналитика/Зейнетақы активтерін инвестициялық басқару» бөлімінде жарияланады.

 

БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, сондай-ақ “Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы” Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым аударған кепілдік берілген депозит бойынша кепілдік берілген өтемнің талап етілмеген сомасы есебінен қалыптастырылған ерікті зейнетақы жарналарын есепке алып, оның есебін жүргізеді, зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Қор нысаналы активтер мен нысаналы талаптарды есепке алуды, нысаналы жинақтау шоттарына нысаналы жинақтарды (НЖ) есепке алу мен есептеуді, НЖ төлемдерін оларды алушының банк шоттарына есептеуді, “Ұлттық қор – балаларға” бағдарламасы шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен НЖ қайтарымдарын есепке алуды жүзеге асырады (толығырақ www.enpf.kz сайтында).

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-munayli/press/news/details/1042377?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version