Бүгін Қазығұрт ауданына Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің «Өртке қарсы қызмет комитеті» төрағасы Ерлан Төрегелдиев пен Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Аскер Сарбатов жұмыс сапарымен келді.
Сапардың негізгі мақсаты – жаз мезгіліндегі өрт қаупі жоғары кезеңде өңірдегі маусымдық өрт сөндіру бекеттерінің дайындығын, олардың материалдық-техникалық жабдықталуын, сондай-ақ қауіпсіздік шараларының сақталуын бақылау.
Делегацияны аудан әкімі Азизхан Исмаилов қабылдап, табиғи ресурстарды сақтау мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі аталған шаралардың маңыздылығына тоқталды. Жергілікті атқарушы биліктің бұл бағыттағы жұмысты тұрақты түрде қолдайтыны айтылып, бірлескен іс-шаралар жоспары талқыланды. Сонымен қатар, аудан әкімі өрт қаупі маусымында қауіпсіздік шараларын күшейту бойынша тиісті сала мамандарына нақты тапсырмалар берді.
Жұмыс сапары барысында аудан әкімінің орынбасары Нұрсұлтан Медеуов пен делегация мүшелері Тұрбат ауылдық округіндегі «Ауыл құтқарушыларына» арналған маусымдық өрт сөндіру бекетінің құрылысын салуға бөлінген жер телімін аралап көрді. Аталған бекеттің құрылысы ағымдағы жылы басталып, іске қосылғаннан кейін төрт елді мекеннің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етпек.
Сондай-ақ Қазығұрт және Шанақ ауылдық округтеріндегі маусымдық өрт сөндіру бекеттерінің жұмысымен танысты. Делегация өкілдері өрт сөндіру техникасының жай-күйі, қажетті құрал-жабдықтармен қамтылуы және жеке құрамның кәсіби даярлығын тексерді. Сонымен қатар, жол бойындағы демалыс орындары мен орман алқаптарында өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталу жағдайы да назарға алынды.
Сапар қорытындысы бойынша Ерлан Төрегелдиев жергілікті әкімдік пен төтенше жағдайлар қызметкерлерінің үйлесімді жұмысын жоғары бағалап, маусымдық өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуде алдын алу шараларының маңыздылығын ерекше атап өтті. Сондай-ақ қауіпті кезеңде кез келген төтенше жағдайға жедел әрекет ету үшін аудандық бөлімшелер мен маусымдық бекеттер арасында тұрақты байланыс орнату және техникалық дайындықты жоғарылату қажеттігін ескертті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kazygurt-audany/press/news/details/1043985?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау