Халық үніне құлақ асатын мемлекет: Ербол Қарашөкеев Жуалы ауданының тұрғындарымен кездесті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Жуалы ауданының тұрғындарымен кездесу өткізді.

Кездесу барысында өңір басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына тоқталып, Жуалы ауданының алдағы даму жоспарларымен таныстырды. Аймақ басшысы аудан әкімдігінің жұмысындағы басты бағыттар — инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру, агроөнеркәсіптік кешен мен туризмді дамыту, сондай-ақ инвестиция тарту екенін атап өтті.

Аудан әкімі Жалғас Мұртазаның айтуынша 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Жуалы ауданының жалпы өңірлік өнімі 28,6 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,4%-ға артық. Қаңтар-маусым айларында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 4,2 млрд теңгеге жетіп, жоспар 116,7%-ға орындалды.

Ауданда тұрғын үй жағдайын жақсарту жұмыстары да жүргізілуде. Жарты жылдың ішінде 9367 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

Жұмыспен қамту мәселелеріне де ерекше назар аударылуда. 2025 жылы белсенді қолдау шаралары аясында 3310 адамды қамту жоспарланған. Сонымен қатар, осал топтағы 120 азаматқа жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін қайтарымсыз гранттар беру көзделуде. Бүгінгі күнге дейін 40 адам осындай қолдауға ие болды.

Ербол Қарашөкеев жергілікті атқарушы органдардың жұмысындағы бірқатар кемшіліктерге де тоқталды. Атап айтқанда, кейбір жобалардың іске асырылу мерзімінің созылуы, суармалы су тапшылығы, сондай-ақ жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері шешімін таппағанын атап өтті.

– Жуалы ауданының агроөнеркәсіп саласындағы әлеуеті жоғары, әсіресе мал шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласында. Бар мүмкіндіктерді тиімді пайдалану қажет: фермерлерді қолдау, кооперацияны дамыту, ауыл шаруашылығына заманауи технологияларды енгізу – бұл тек экономикалық нәтиже беріп қоймай, ауылдарда тұрақты жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді, – деді облыс әкімі.

Ербол Қарашөкеев тұрақты жұмыс орындарын құратын өндірістік кәсіпорындарды ашу мен туризм саласын дамыту — әлеуметтік-экономикалық өсімнің негізгі тетіктерінің бірі екенін атап өтті.

Халықпен кездесу ашық диалог алаңына айналды. Тұрғындар ауыл шаруашылығын қолдау, әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту және білім беру қызметінің сапасына қатысты өзекті мәселелерді көтерді. Кейбір мәселелер облыс әкімінің ықпалымен сол жерде шешімін тапса, қалған сауалдар тиісті мемлекеттік органдардың бақылауына алынды.

Кездесуден кейін өңір басшысы азаматтарды жеке қабылдады.

Айта кету керек, жыл басынан бері барлық деңгейдегі әкімдер халықпен 374 кездесу өткізді. Оларға 21 мыңнан астам адам қатысып, 1214 ұсыныс пен өтініш келіп түсті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl/press/news/details/1044689?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version