IT – болашаққа жолдама: Tech Orda 2025 бағдарламасына өтінімдер қабылдау басталды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі (ЦДИАӨМ) Tech Orda 2025 білім беру бағдарламасының жаңа легіне қатысу үшін өтінімдер қабылдау басталғанын хабарлайды. Бағдарлама 18 бен 45 жас аралығындағы Қазақстан азаматтарына сұранысқа ие IT-мамандықтарды тегін меңгеруге мүмкіндік береді.

Өтінімдерді 2025 жылғы 3 қыркүйекке дейін Astana Hub платформасы арқылы беруге болады.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында білімді, бәсекеге қабілетті, жаңа заман талаптарына сай жастарды даярлау қажеттігін атап өтіп, кемінде 100 мың IT-маманды оқытуды тапсырған болатын. Осы тапсырма аясында ЦДИАӨМ бастамасымен 2021 жылы Astana Hub алаңында Tech Orda бағдарламасы пилоттық режимде іске қосылды. Бұл – мемлекет қолдауымен жыл сайын мыңдаған азаматты оқытуды көздейтін маңызды бастама. Әрбір студенттің оқуына 500 000 теңгеге дейінгі қаржылық қолдау көрсетіледі.

Бағдарлама ЦДИАӨМ бастамасымен Astana Hub алаңында жүзеге асырылады. Tech Orda-ның мақсаты — цифрлық экономика талаптарына бейімделген курстар арқылы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы адами капиталды дамыту. Жыл сайын мыңдаған қазақстандық осы мүмкіндікті пайдаланып, IT-саласына қадам басып келеді.

2025 жылы бағдарламаға 80 IT-мектеп аккредитациядан өтіп, 160 түрлі курс ұсынды. Олардың қатарында веб-әзірлеу, 3D-дизайн, AR/VR қолданбалары, операциялық жүйелерді әзірлеу, киберқауіпсіздік, IoT (заттар интернеті), Big Data, мобильді қосымшалар мен GameDev бағыттары бар. Сонымен қатар, Agile, өнім менеджменті және жасанды интеллект салалары басым бағыттар ретінде айқындалған.

«Tech Orda бағдарламасы мыңдаған қазақстандық үшін шынайы әлеуметтік лифтке айналды. Бүгінде елдің әр өңірінен келген жастар, тіпті бастапқы дайындығы болмаса да, қысқа мерзім ішінде заманауи IT-құзыреттерді меңгеріп, мықты компанияларда жұмысқа орналасып жатыр. Өткен жылы біз 35 мыңнан астам өтінім қабылдадық, ал арнайы ағымдар аясында алғаш рет 100 тәжікстандық азамат пен 1 000 педагогты оқыттық. Бұл бағдарламаның кең ауқымда дамып келе жатқанын және оған деген сенімнің артқанын көрсетеді. Көптеген қатысушы үшін Tech Orda тек мамандық ауыстыру мүмкіндігі ғана емес, елдің цифрлық трансформациясына үлес қосуға жасалған саналы қадам болды», — деп атап өтті ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мадиев.

2022–2023 жылдары 91 IT-мектепте 6 251 студент оқуын аяқтады. Олардың 40%-дан астамы және білім беру ұйымдарының 46%-ы – елдің өңірлерінен, бұл IT-білім беруді өңірлік деңгейде теңгерімді дамытуға ықпал етеді. 2024 жылы бағдарлама аясында 3 465 грант бөлінді, оның 2 465-і негізгі ағымға, ал 1 000 грант мұғалімдерге арналған арнайы бағыттар бойынша бөлінді (оның ішінде 300 – мектеп мұғалімдеріне, 700 – жоғары оқу орындарының оқытушыларына). Қазіргі таңда 72 IT-мектептің студенттері оқуын аяқтап, қорытынды тестілеуден өтіп жатыр.

Tech Orda түлектерінің 88%-ы жұмысқа орналасқан, олардың орташа жалақысы 505 000 теңгені құрайды. Бүгінде бағдарлама түлектері Kaspi.kz, Halyk Bank, KPMG, Ernst & Young, Теңізшевройл, ҚазМұнайГаз, Freedom Finance, Kcell, Air Astana, Kolesa Group сынды жетекші компанияларда қызмет атқарып жатыр.

Айта кетерлігі, Tech Orda бағдарламасына қатысқысы келетіндер үшін Astana Hub платформасында IT-мектептердің толық тізімі мен курстар ұсынылған IT мектептер витринасы қолжетімді. Қосымша ақпаратты таңдаған мектептен немесе 1818 байланыс орталығы арқылы алуға болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mdai/press/news/details/1044262?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version