Келес ауданының орталығы Абай ауылында тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Ауылдағы ауыз су тапшылығы мәселесін уақытша шешу үшін Ынтымақ, З.Рүстемов, Ташанов және Б.Қойлыбаев көшелерінің қиылыстары мен Шығыс мөлтек ауданына су тазартатын модульді құрылғылар орнатылып, пайдалануға берілген болатын.
Ауыз су сапасын арттыру және тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында модульді су тазарту құрылғыларын орнату жұмыстары жалғасуда. Соңғы құрылғы Р.Қошқарбаев көшесіне орнатылып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар, Н.Жұматаев көшесіне орнатылған құрылғыны іске қосу алдағы күндерге жоспарланған. Жаңа нысанды іске қосуға Келес ауданы әкімінің орынбасары Мақсат Тұрдиев пен Абай ауылының әкімі Асылбек Жұманов қатысты.
— Бүгін іске қосылған су тазарту құрылғысы демеушілердің көмегімен іске асып отыр. Бұл ауыл тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту бағытындағы жүйелі жұмыстың бір бөлігі. Қазіргі таңда Зах каналынан магистралды су құбырын тарту және су тазарту арқылы Абай ауылын және бірқатар елді мекендерді таза ауыз сумен тұрақты қамтамасыз етуге бағытталған ірі жоба әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтуде. Бұл жоба іске асқан жағдайда, Келес ауданының бірқатар ауылдары тәулік бойы үздіксіз әрі сапалы ауыз суға қол жеткізетін болады. Бұл – ауданымыз үшін маңызды әрі басым бағыттардың бірі, – деді Мақсат Тұрдиев.
Ауқымды жоба аясында жалпы ұзындығы 45 шақырымды құрайтын су құбыры тартылып, Алпамыс батыр ауылдық округінде 4 гектар аумаққа 20 000 текше метрлік, ал Біртілек ауылдық округінің Көлтоған елді мекенінде 1 гектар жерге 600 текше метрлік су қоймаларын салу көзделіп отыр. Нәтижесінде, Алпамыс батыр, Ұшқын , Біртілек ауылдық округтері мен Абай ауылының халқы тәулік бойы үздіксіз таза ауыз сумен қамтылатын болады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-keles/press/news/details/1044691?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау